Қоғам

Алматы прокуратурасы «ҚазТАГ» бас редакторының қамауға алынғанына пікір білдірді

суд казтаг
Алматыда сот процесі басталды/Фото: Kursiv.Media

Алматы қаласы прокуратурасы «ҚазТАГ» ХАА бас редакторы Әмір Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасының «күзетпен ұстауға» ауысқанына қатысты мәлімдеме жасады.

«Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Әмір Қасеновке, Әсет Матаевқа және басқаларға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Сот отырысы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушы Әмір Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасын «үйқамақтан» «күзетпен ұстауға» ауыстыру туралы өтінішхат білдірді.

Бұл процестік әрекетті қолдануға сотталушының үйқамақ шарттарын өрескел бұзуы негіз болды», – деп хабарлады прокуратура.

Бұған дейін соттың 2026 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысымен Әмір Қасеновке қатысты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

Осы шарамен қатар орындалуы міндетті бірқатар шектеу белгіленді, оның ішінде әлеуметтік желілерді, интернетті пайдалануға, кез келген байланыс құралдарын, соның ішінде интернетті, ұялы байланысты және қалалық телефонды пайдаланып, келіссөздер жүргізуге және хат алысуға тыйым салынған.

Осы шектеудің кез келгенін бұзу бұлтартпау шарасын қатаңырақ шараға ауыстыру үшін негіз бола алады.

«Осыған қарамастан, Әмір Қасенов талаптарды бірнеше рет бұзған.

2026 жылдың 2 маусымында «ҚазТАГ» ХАА парақшасында қылмыстық іске қатысты өзінің жеке бейнеүндеуін жариялады.

Сот процесі өтетін күні, яғни 2026 жылғы 15 маусымда ол дәл осы парақшада қылмыстық іс бойынша медиацияға қатысты жаңа жеке бейнеүндеуін тағы да жариялады», – делінген ақпаратта.

Бұдан бөлек, Әмір Қасенов басты сот талқылауының 2026 жылдың 11 маусымы сағат 10:00-де басталатыны туралы хабардар етілсе де, сот процесіне келмеді. Осылайша соттың 2025 жылдың 24 желтоқсанындағы қаулысымен белгіленген сотқа келу міндетін бұзды.

«Сот үйқамақ шарттарының өрескел бұзылғанымен келісіп, сотталушыға қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды», – деп хабарлады Алматы прокуратурасы.

Прокуратура сот нұсқауларын елемеуге немесе бұзуға рұқсат берілмейтінін еске салып, сот талаптарын барлық азамат орындауға міндетті екенін ескертті.

«Процесс кезінде БАҚ пен әлеуметтік желілердегі мұндай жарияланымдар сот шешіміне ықпал ету мақсатында сотқа қысым көрсету әрекеті ретінде бағалануы мүмкін.Аталған талаптар істің барлық тарабына, соның ішінде «ҚазТАГ» ХАА бас директоры Әсет Матаевқа да қатысты. Соттың сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметіне араласу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады», – делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Алматыда «ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» ісі бойынша сот процесі басталды. Сот процесі барысында «ҚазТАГ» бас редакторы Әмір Касенов өзіне таңдалған бұлтартпау шарасы талаптарын бұзғаны үшін сот залында қамауға алынды.