
Алматы соты «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновке тағайындалған бұлтартпау шарасының мерзіміне қатысты мәлімдеме жасады.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қылмыстық-процестік кодексінің 319-бабына сәйкес қылмыстық іс сотқа келіп түскен кезде судья бір мезгілде бұлтартпау шарасы мәселесін қарайды.
«Аталған іс бойынша сот бұрын таңдалған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыру туралы процестік шешім қабылдады. Осыған байланысты бұлтартпау шарасының мерзімі аяқталды деген мәлімдемелер сот актісінің мазмұнына сәйкес келмейді», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот қаулысын процеске қатысушылар мен олардың қорғаушылары «Сот кабинеті» арқылы көре алады.
«Жүктелген шектеулер мен міндеттер бұзылған жағдайда сот заңнамада көзделген тәртіппен бұлтартпау шарасын өзгертуге, оның ішінде неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасын қолдануға құқылы», – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Алмалы аудандық сотында «ҚазТАГ» ХАА мен «Фридом Финанс» брокерлік компаниясының ісіне қатысты сот процесі басталды.