Жаңалықтар

Алматыдағы Масанчи көшесінің жөндеу жұмысына миллиард теңге жұмсалады

Масанчи
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігі Масанчи көшесіне жөндеу жұмысын жүргізбек. Осыған орай 14 маусымнан бастап Абай және Сәтпаев көшелерінің аралығындағы учаске жабылады.

«14 маусымнан бастап Масанчи көшесінің Абай даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейінгі аралығында оңтүстік бағыттағы қозғалыс уақытша жабылады. Жөндеу жұмыстары жүргізілетін аумақта ескерту белгілері мен мердігер ұйым басшысының байланыс ақпараты көрсетілген ақпараттық тақталар орнатылады. Тұрғындар мен жүргізушілерден жол бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз», – деп ескертеді қала әкімдігі.

Әзірге жөндеу жұмысы қанша уақытқа созылатыны белгісіз.

Мемлекеттік сатып алу сайтында Сәтпаев-Масанчи және Масанчи-Қабанбай батыр көшесіне дейінгі аралыққа жөндеу жүргізу үшін лот жарияланған. Мердігер компания – «IZI Company KZ» ЖШС. Қоғамдық кеңістікті дамыту басқармасы аталған кәсіпорынмен келісімшарт жасасқан. Құны – 918 млн теңге.

Сараптамалық қорытындыға сәйкес, Масанчи көшесіндегі жоба көшенің келбетін толық жаңартуы тиіс. Ескі жабындыны алып тастап, жаңа тротуар плиталарын төсеу, бордюр орнату және барлық тұрғындарға қолжетімді орта қалыптастыру жоспарланған.

Сондай-ақ көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі, ағаштар мен бұталар отырғызылып, гүлзарлар мен көгалдар абаттандырылады. Жобаға жарықтандыру жүйесін жаңарту, орындықтар, қоқыс жәшіктері және басқа да абаттандыру элементтерін орнату кіреді.

Сонымен қатар көшеде «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оның аясында ескі үйлердің сыртқы келбеті жаңартылып, сәулет бейнесі өзгереді.

Айта кетейік, әкімдік Достық даңғылын Абай даңғылынан бастап Әл-Фараби даңғылына дейінгі аралықта жөндеу жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл жобаға  2,14 млрд теңге бөлген.