Жаңалықтар

АҚШ-та жоғалып кеткен Қазақстан азаматының мәйіті табылды

АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандықтың мәйіті табылды
АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандықтың мәйіті табылды/ Фото: threads/bostonglobe2

АҚШ-тың Иллинойс штатында екі апта бұрын жоғалып кеткен 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың мәйіті табылды. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, АҚШ-тың құзырлы органдары жуырда ғана ел аумағынан табылған мәйіт Қазақстан азаматына тиесілі болуы мүмкін екенін хабарлаған.

«Қазіргі уақытта америкалық тарап қажетті сараптамаларды жүргізіп жатыр. Отандық дипломаттар АҚШ-тың тиісті органдарымен және марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста. Оларға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр», деді Ерлан Жетібаев.

Оқиғаның мән-жайы

Бұған дейін әлеуметтік желілерде АҚШ-тың Чикаго маңындағы Форд-Хайтс аймағында тұрып жатқан 24 жастағы Әсет Құралбайдың жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған.

Ол соңғы рет 2 маусымда байланысқа шыққан, ал 7 маусымнан бастап телефоны сөндірулі болған. Жігітттің барлық құжаттары мен банктік карталары үйінде қалған. Қазақстан дипломаттары бұл жағдайды алғашқы күннен бастап бақылауға алғанын хабарлады.

Айта кетейік, 9 маусым күні Италияның Бриатико қаласындағы жағалаудан 21 жастағы Қазақстан азаматының мәйіті табылды.