
«Bereke Bank» АҚ атқарушы орган мүшелеріне былтыр төленген сыйақы көлемін жариялады. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) хабарламаға сәйкес, 2025 жылы банктің топ-менеджменті 923,4 млн теңге көлемінде сыйақы алған.
Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. 2024 жылы басшылық құрамға төленген қаржы 424,2 млн теңгені құраған.
Осылайша, небәрі бір жыл ішінде сыйақы мөлшері 499,3 млн теңгеге немесе 117,7%-ға көбейіп отыр.
2025 жылы банктің басқарма құрамында үш адам болған. Басқарма төрағасы – Андрей Тимченко мен оның орынбасарлары: Алина Аникина мен Серке Қасенов. Егер 2025 жылғы жалпы соманы айларға шағып есептейтін болсақ, атқарушы орган мүшелеріне ай сайын орташа есеппен 76,9 млн теңгеге жуық қаражат төленіп тұрған.
Қаржы ұйымын «Бәйтерек» холдингі 2022 жылдың қыркүйегінде ресейлік «Сбербанктен» сатып алған. 2024 жылдың ақпан айында Bereke banк-ті Қатардан келген инвесторға сататыны белгілі болды.
Қазір банктің түпкілікті бенефициары – қатарлық кәсіпкерлер Мутаз мен Рамез Аль-Хаяттарға тиесілі Power International Holding компаниясы. Олар қаржы институтын 2024 жылы «Бәйтерек» холдингінен 65 млрд теңгеге сатып алған.
Банк 2025 жылы 63,1 млрд теңге таза пайда тапқанымен, акционерлеріне дивиденд төлемеді.