
Ақмола облысында жолаушылар автобусы қатысқан жол-көлік оқиғасынан 11 адам зардап шекті, деп хабарлады аймақтың полиция департаменті.
Апат 14 маусым күні сағат 13:10 шамасында Щучинск-Бурабай автожолында болды. Полиция мәліметінше, жол апатына Volvo автобусы мен Changan автокөлігі ұшыраған.
Автобус Астана-Бурабай бағыты бойынша жолаушыларды курорттық аймаққа тасымалдап келе жатқан. Департаменттің ақпаратына сәйкес, ол қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Changan автокөлігімен соқтығысқан, содан кейін ағашқа соғылған.
«Апат салдарынан 11 адам зардап шекті, оның ішінде автобустың тоғыз жолаушысы және Changan автокөлігіндегі екі адам бар», – деп хабарлады Ақмола облысы ПД.
Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша тексеру жүргізілуде.
Полиция, сондай-ақ, жыл басынан бері жол жүрісі ережелерін бұзғаны үшін 300-ден астам автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.
Полицейлер қоғамдық көлік жүргізушілерін жолда мұқият болуға және жол ережесін қатаң сақтауға шақырды.
Айта кетейік, осыған дейін Астанада Тәшенов көшесінде газбаллонды жабдығы бар Toyota Aristo көлігі өртенгенін жазған едік.