
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылғы 15 маусымда борышкерлер тізімін жариялады. 241 заңды тұлғаның арасында «Оқжетпес» клубы да бар.
Сот шешімімен борышкер атанған клуб
Ақмола облысы әкімдігіне қарасты «Оқжетпес» футбол клубы сот шешімімен борышкер деп танылған субъектілер тізіміне енді. Мемлекеттік кірістер комитеті дүйсенбі күні 2026 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша «оңалту рәсімін қолдану туралы сот шешімдері заңды күшіне енген борышкерлердің тізімін» жариялады.
Құжатқа сәйкес, Көкшетау қаласының мақтанышына айналған клубқа қатысты оңалту рәсімін қолдану туралы сот шешімі 2025 жылғы 17 маусымда шығып, 18 шілдеде заңды күшіне енген. Тізімде кәсіпорынның бірінші басшысы ретінде клубтың бұрынғы директоры Мұрат Тлешев көрсетілген. Ол кезінде Қазақстан ұлттық құрамасында ойнаған танымал шабуылшы. Айта кетейік, 2026 жылғы 23 сәуірде «Оқжетпес» директоры қызметіне Ербол Қайыров кіріскен.
Істің мән-жайы
«Окжетпестің» қаржыминнің ресми борышкерлер тізіміне енуі мемлекет басқаруында болған уақытта клубтың жиналып қалған несие және салық берешектерін дер кезінде өтей алмай, тығырыққа тірелгенін айғақтайды.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы ақпанда Ақмола облысының әкімдігі дағдарысқа ұшыраған кәсіпорынды бюджеттен шығарып, жеке қолға басқаруға берген.
Премьер-Лигада ойнап жүрген клубты қаржыландыруды өңірдегі ірі агробизнес консорциумы мойнына алған. Жоба жетекшісі әрі инвесторы Forbes-тің дәулеттілер тізіміндегі миллионер, «Агрофирма «Родина» басшысы Иван Сауэр. Кәсіпкер 2013 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған.
«Оқжетпес» клубының қазіргі жағдайы
Қаржы министрлігі тізіміндегі оңалту мәртебесі клубтың банкрот болып, жабылатынын білдірмейді. Керісінше, ол сот бекіткен арнайы кесте аясында ескі қарыздарды бөліп төлеуге, Сауэр бастаған жаңа инвесторларға клубты «сауықтыруға» мүмкіндік беретін құқықтық құрал.
Министрлік тізімінде клубтың берешегі қанша екені туралы мәлімет жоқ. Алайда екі жыл бұрын Көкшетау прокуратурасы Ақмола облысының спорт басқармасы клубтағы 160 жұмысшыға 425 млн теңге жалақы төлемегенін анықтаған.
Қаржы қиыншылығына қарамастан, биыл Премьер-Лигаға қайта көтерілген «Оқжетпес» өте жақсы ойнап жүр. Қазір ол 13 ойында 24 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші орында тұр. Көкшетаулық футболшылар «Ордабасы» клубынан 7, ал «Қайраттан» үш ұпай қалып келеді.
Қазақстандағы футбол клубтары тағы қай миллионердің басқаруына өткенін білгіңіз келсе, Kursiv.Media мақаласын оқыңыз.