Жаңалықтар

Еңбекмин «конвертпен» жалақы төлеу фактілерімен жаңаша күреспек

"Конвертпен" жалақы төлеу
«Конвертпен» жалақы төлеу/ Фото: kursiv.media архив

«Конвертпен» жалақы төлеу фактілерімен күресу үшін арнайы жасанды интеллект моделі іске қосылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

ЖИ «Конвертпен» жалақы төлеу фактілерін қалай анықтайды?

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі мен Міндетті зейнетақы жарналары деректері негізінде жасанды интеллект өңірлер бөлінісінде және біліктілік деңгейін ескере отырып, кәсіптер бойынша эталондық жалақыны тоқсан сайын есептеп отырады.

Егер көрсеткіш эталоннан жүйелі түрде 50%-дан астам ауытқыса, жұмыс берушінің жеке кабинетіне автоматты хабарлама жіберіледі. Кәсіпорын тарапынан жиынтық есеппен 60 күн ішінде негізделген түсініктеме берілмеген жағдайда оған ықпал ету шаралары қолданылады.

Мәселен, жоғары тәуекел тобына енгізу, жұмыс орындарын мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін шектеу және мемлекеттік сатып алулардағы жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізу шаралары қолданылады.

Шетелдегі еңбек мигранттары да бақылауға алынады

Министрліктің аппараттық кеңесінде қаралған екінші маңызды мәселе – қазақстандықтардың шетелдегі құқықтарын қорғау. Қазір елде 400-ге жуық жеке жұмыспен қамту агенттігі бар. Енді олардың қызметі толық цифрландырылады.

Migration.enbek.kz платформасында жеке агенттіктердің цифрлық тізілімі іске қосылады. Серіктестіктердің салық берешегі мен сот шектеулері мемлекеттік дерекқор арқылы автоматты түрде тексеріліп тұрады.

Агенттіктер азаматтармен қызмет көрсету шарттарын тек осы платформада жасасуға міндеттеледі. Бұл жасырын комиссиялар мен заңсыз бейресми келісімдерді жояды.

Мемлекеттік бақылауды күшейтетін бұл заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісі мақұлдаған. Жүйені әзірлеу барысында Сингапур, Австралия, Ұлыбритания және Филиппиннің озық тәжірибесі негізге алынды.

Бұған дейін «Конвертпен» жалақы берген бухгалтерлер жауапқа тартылатынын жазған едік.