
Маңғыстау облысының тұрғындары улы қарақұрт өрмекшілерінің қаптағанына алаңдаулы, олар балалар және ойын алаңдарының маңында пайда болуда. Жыл басынан бері қарақұрт шаққаннан кейін медициналық көмекке 18 адам жүгінген, деп хабарлайды Lada.kz.
Қарақұрттар санының өсуіне байланысты облыс әкімдігінде медициналық ұйымдардың басшылары, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері және сала мамандары қатысқан арнайы кеңес өтті.
Мамандардың мәліметінше, биыл жауын-шашынның мол болуына байланысты қарақұрттар әдеттегіден ертерек және көп мөлшерде пайда болған. Улы өрмекшілер шаққаннан кейін 18 адам дәрігерлердің көмегіне жүгініп үлгерді.
Өңірдің кейбір медициналық ұйымдарында қарақұрт уына қарсы арнайы сарысу қорының жеткіліксіз екені, соның салдарынан зардап шеккендерді облыс орталығындағы ауруханаларға тасымалдауға тура келетіні атап өтілді.
«Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, әкімдік зардап шеккендерге уақтылы медициналық көмек көрсету және қарақұрт шағуын алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, облыстың барлық қалалары мен аудандарында қарақұртқа қарсы сарысудың қажетті қорын қалыптастыру, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, аулалар мен шаруашылық аумақтарын тазалауды, сондай-ақ дезинсекциялық шараларды өткізуді ұйымдастыру тапсырылды», – деп хабарлады өңірлік қоғамдық коммуникациялар орталығы.
Балабақшаларда, жазғы сауықтыру лагерлерінде және балаларға арналған басқа да мекемелерде қауіпсіздік шараларын күшейту тапсырылды.
Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының директоры Жанар Досжанова соңғы он күн ішінде ауруханаға қарақұрт шаққан белгілері бар екі бала түскенін хабарлады.
«Балаларда шаққан жердің қатты ауыруы, дене мүшелерінің сырқырауы, жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі және қатты мазасыздық байқалды. Сондықтан ата-аналар ойын алаңдары мен демалыс орындарында балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуы қажет. Қазіргі уақытта балалар қажетті ем алуда, олардың жағдайы тұрақталды», – деді Жанар Досжанова.
Айта кетейік былтыр осы уақытта бірнеше өңірде қарақұрт қаптаған еді. Әсіресе Талдықорғанның жақын маңайындағы ауылдарда жиі кездескен.