Жаңалықтар

Өзбекстан бизнесі Қазақстанда күрт көбейді: екі жылда 2,3 есе өсті

Қазақстандағы өзбек бизнесінің саны 10 905-ке жетті / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

KursivMedia зерттеуінше, Қазақстанда Өзбекстан қатысқан заңды тұлғалар саны екі жылда 2,3 есеге жуық өсті. 2024 жылғы қаңтар-мамырда олардың саны 4 829 болса, 2026 жылдың осы кезеңінде 10 905-ке жетті.

Дерек Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бизнес байланыс күшейіп жатқанын көрсетеді. Әсіресе, шағын бизнес, сауда, қызмет көрсету және құрылыс бағытындағы белсенділік айқын байқалады.

Қаңтар–мамыр, 2024–2026

Өзбекстан қатысқан заңды тұлғалар саны 2,3 есеге өсті

2024 жылы 4 829 субъект тіркелсе, 2026 жылы олардың саны 10 905-ке жетті. Екі жылдағы өсім — 125,8%.

12 000
9 000
6 000
3 000
0
4 829
Базалық жыл
2024
6 849
+41,8%
2025
10 905
+59,2%
2026
2024–2026 жылдары көрсеткіш 4 829-дан 10 905-ке дейін өсті. Бұл — Өзбекстан қатысқан субъектілер санының 2,3 есеге жуық артқанын көрсетеді.

Екі жылда 6 мыңнан аса жаңа субъект қосылды

2025 жылғы қаңтар-мамырда Өзбекстан қатысқан заңды тұлғалар, филиалдар және шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары саны 6 849 болды.

2026 жылы өсім одан әрі жылдамдады. Қаңтар-мамыр қорытындысы бойынша көрсеткіш 10 905-ке жетті. 2025 жылмен салыстырғанда өсім 4 056 субъектіні немесе 59,2%-ды құрады.

Екі жылдық динамика одан да айқын көрінеді. 2024-2026 жылдары Өзбекстан қатысқан субъектілер саны 4 829-дан 10 905-ке дейін көбейді. Пайызбен есептегенде – 125,8%.

Негізгі өсім шағын бизнес арқылы жүріп жатыр

Өсімнің басты ерекшелігі – оның негізінен шағын бизнеске тиесілі болуы. 2026 жылы тіркелген 10 905 субъектінің 10 901-і шағын бизнес санатында.

Орта бизнес саны небәрі – 3. Ірі бизнес саны – 1. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда өзгермеген.

Яғни Өзбекстаннан келетін бизнес белсенділігі ірі корпорациялар арқылы емес, көбіне шағын кәсіпкерлер мен шағын компаниялар арқылы жүріп жатыр.

Мұндай құрылым Қазақстан экономикасына екі түрлі әсер береді. Бір жағынан, шағын бизнес жаңа жұмыс орындарын ашуы, сауданы көбейтуі және қызмет көрсету нарығын кеңейтуі мүмкін. Екінші жағынан, шағын бизнестің өміршеңдігі әлсіз болуы ықтимал: нарықтағы бәсеке, жалға алу ақысы, салық және айналым қаражаты негізгі тәуекел болып қала береді.

2026 жылы негізгі үш сала алға шықты

Өзбекстан қатысқан субъектілердің басым бөлігі қызмет көрсету, сауда және құрылыс салаларында шоғырланған.

Өзге қызметтер
4 621 / 42,4%
Сауда және авто/мото жөндеу
2 601 / 23,9%
Құрылыс
2 385 / 21,9%
Тұру және тамақтану
289 / 2,7%
Көлік және жинақтау
221 / 2,0%
Өңдеу өнеркәсібі
207 / 1,9%
Сала 2024 2025 2026
Өзге қызметтер 1 448 3 251 4 621
Сауда 1 390 1 478 2 601
Құрылыс 947 964 2 385
Тұру және тамақтану 203 252 289
Көлік және жинақтау 154 184 221
Өңдеу өнеркәсібі 161 170 207
2026 жылы үш сала — өзге қызметтер, сауда және құрылыс — жалпы көрсеткіштің шамамен 88%-ын құрады.

Қызмет көрсету, сауда және құрылыс алда

2026 жылғы дерек бойынша Өзбекстан қатысқан субъектілердің ең көп бөлігі «өзге қызметтер» санатында тіркелген. Бұл салада 4 621 субъект бар. Жалпы көрсеткіштің 42,4%-ы осы бағытқа тиесілі.

Екінші орында – сауда және авто/мото жөндеу саласы. Мұнда 2 601 субъект тіркелген. Үлесі – 23,9%.

Үшінші ірі бағыт – құрылыс. Салада 2 385 субъект бар. Үлесі – 21,9%.

Осы үш бағытты қосқанда, олардың жалпы үлесі шамамен 88%-ға жетеді. Яғни Өзбекстан қатысқан бизнес Қазақстанда барлық салаға бірдей таралмаған. Негізгі шоғырлану қызмет көрсету, сауда және құрылыс айналасында қалыптасып отыр.

Құрылыс ерекше жылдам өсті

2025-2026 жылдар аралығында ең жылдам өскен бағыт – құрылыс. Саладағы субъектілер саны 964-тен 2 385-ке дейін артты.

Құрылыс нарығында Өзбекстанмен байланысты компаниялар саны күрт көбейген. Мұның бірнеше себебі болуы мүмкін. Қазақстанда тұрғын үй, коммерциялық нысандар және инфрақұрылым құрылысы әлі де үлкен нарық болып тұр. Ал Өзбекстаннан келген кәсіпкерлер мен компаниялар осы сұранысты пайдаланып жатқан болуы ықтимал.

Сауда да қатты өсті. 2025 жылы салада 1 478 субъект болса, 2026 жылы 2 601-ге жетті. Бір жылдық өсім – 1 123 субъект немесе 76%.

Қызмет көрсету саласында да өсім жалғасты. «Өзге қызметтер» санаты 2025 жылғы 3 251-ден 2026 жылы 4 621-ге дейін көбейді. Өсім – 1 370 субъект немесе 42,1%.

Қазақстандағы шетел қатысқан бизнес құрылымында Өзбекстанның салмағы артты

Жалпы Қазақстан бойынша шетел қатысқан тіркелген субъектілер саны да өсіп келеді. 2024 жылғы қаңтар-мамырда олардың саны 58 256 болса, 2025 жылы 61 410-ға жетті. 2026 жылы көрсеткіш 67 631 болды.

Бірақ Өзбекстан бойынша өсім жалпы нарықтан әлдеқайда жылдам жүріп жатыр. Сондықтан оның үлесі де көбейді.

2024 жылы Өзбекстан қатысқан субъектілер шетел қатысқан барлық субъектілердің 8,3%-ын құраған. 2025 жылы үлес 11,2%-ға дейін өсті. 2026 жылы 16,1%-ға жетті.

Маңызды өзгеріс осы жерде. Өзбекстан Қазақстандағы шетелдік бизнес құрылымында барған сайын ірі ойыншыға айналып келеді. Әсіресе шағын бизнес сегментінде оның рөлі күшейген.

Ең көп субъект Алматыда тіркелген

Өңірлік тұрғыдан қарағанда, Өзбекстан қатысқан бизнес Қазақстан бойынша біркелкі таралмаған. 2026 жылы ең көп субъект Алматы қаласында орналасқан.

Алматыда 7 097 субъект тіркелген. Жалпы 10 905 субъектінің 65,1%-ы осы қалаға тиесілі. Яғни Өзбекстан қатысқан заңды тұлғалардың шамамен үштен екісі Алматыда шоғырланған.

Мұның себебі түсінікті. Алматы – елдегі ең ірі бизнес орталық. Мұнда сауда, қызмет көрсету, логистика, қаржы, жалға беру және тұтыну нарығы кең. Шағын бизнес үшін клиент те, серіктес те, инфрақұрылым да көбірек.

Екінші орында Маңғыстау облысы тұр. Мұнда 1 810 субъект тіркелген. Үлесі – 16,6%.

Маңғыстаудың жоғары көрсеткіші бөлек назар аударады. Өңірдің ерекшелігі – логистика, мұнай-газ айналасындағы қызметтер, еңбек нарығы және Каспий маңы бағытындағы сауда байланыстары. Өзбекстанмен байланысты кәсіпкерлер үшін Маңғыстау Қазақстанның батысындағы маңызды нарық болуы мүмкін.

Үшінші орында Астана қаласы – 600 субъект. Үлесі – 5,5%.

Шымкент қаласында 378 субъект тіркелген. Үлесі – 3,5%. Атырау облысында 367 субъект бар. Үлесі – 3,4%.

Алғашқы бес өңірдің жиынтық үлесі шамамен 94%-ға жетеді. Мұндай шоғырлану Өзбекстан қатысқан бизнестің негізгі орталықтары Алматы, Маңғыстау, Астана, Шымкент және Атырау екенін көрсетеді.

Еске сала кетейік, Kursiv қазақстанадғы шетел бизнесі туралы көлемді материал жариялаған.