
2026 жылғы қаңтар-сәуірде Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 44,9 млрд АҚШ долларын құрады. ҚР ҰСБ мәліметінше бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды мәнде 7,9% көп.
Оның ішінде экспорт 24 млрд АҚШ долларына жетіп, бір жылда 5% өсті. Импорт көлемі 20,9 млрд АҚШ долларын құрады, бұл былтырғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда 11,3% жоғары.
Яғни Қазақстан әлі де сыртқы саудада оң сальдо сақтап отыр: экспорт импорттан шамамен 3,1 млрд долларға көп.
Қазақстанның сыртқы саудасы: қаңтар-сәуір 2026
Сыртқы сауда айналымы өсті, бірақ экспортта шикізат, импортта дайын өнімдер басым болып отыр.
Экспорттағы негізгі тауарлар
Негізгі сауда әріптестері
ЕАЭО елдерімен өзара сауда да өсті. 2026 жылғы қаңтар-сәуірде көрсеткіш 9,9 млрд АҚШ долларын құрап, бір жылда 13,3% артты. Алайда ЕАЭО бағытында Қазақстанның импорты экспорттан едәуір жоғары. Осы кезеңде ЕАЭО елдеріне экспорт 2,7 млрд доллар болса, импорт 7,2 млрд долларға жетті.
ЕАЭО елдерімен саудада негізгі үлес Ресейге тиесілі – 87,6%. Қырғызстанның үлесі – 8%, Беларусь – 4,1%, Армения – 0,3%.
Қазақстан экспортының құрылымында шикізаттың үлесі басым. Қаңтар-сәуірде экспорттағы ең ірі тауар – шикі мұнай және мұнай өнімдері. Оның үлесі 44% болды. Одан кейін тазартылған мыс және мыс қорытпалары – 7,5%, мыс кендері мен концентраттары – 6,3%, ферроқорытпалар – 3,2%, бидай- 3%.
Импорт құрылымында дайын өнімдер мен технологиялық тауарлар көп. Ең ірі импорттық тауарлар қатарында жеңіл автомобильдер – 3,1%, мұнай газдары – 2,7%, дәрілік заттар – 2,6%, телефон аппараттары – 2,5%, электр генераторлық қондырғылар – 2,5% бар.
Экспорт бойынша Қазақстанның негізгі сауда әріптестері – Қытай, Италия, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Нидерланд. Ал импортта Ресей мен Қытайдың үлесі басым. Ресейден келетін импорттың үлесі 31,8%, Қытайдан келетін импорттың үлесі 28,6% болды.
Жалпы дерек Қазақстанның сыртқы саудасы өсіп жатқанын көрсетеді. Бірақ сауда құрылымында бұрынғы үрдіс сақталған: экспортта шикізат басым, ал импортта дайын тауарлар мен технологиялық өнімдер көп.
Айта кетейік, Қазақстанда жаңа піскен қызанақ импортына уақытша тыйым салынбақ