Жаңалықтар

Текеліде көпбалалы ана күйеуін өлтірді деген күдікпен ұсталды

Жетісу облысы Текелі қаласы
Текелі қаласы / фото: gov.kz

Жетісу облысы Текелі қаласында көпбалалы ана күйеуін өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Ол тұрмыста зәбір көріп келген болуы мүмкін.

Қайғылы оқиға 10 маусымға қараған түні қаладағы жекеменшік үйлердің бірінде болған, деп хабарлады ҚазАқпарат. Жергілікті полиция қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Тергеу барысында өлімге әкелген жарақатты ерлі-зайыптылардың бірге спирттік ішімдік ішкен кезінде жұбайының салғаны анықталды», – деп таратты Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Күдікті сот шешімімен қамауға алынды. Қазір ол Талдықорғандағы тергеу изоляторында отыр. Сотқа дейінгі тергеу прокуратура келісімімен жүріп жатыр.

Әлеуметтік желілерде әйелкөпбалалы ана екені, ұзақ жылдар бойы күйеуінен зорлық-зомбылық көріп келгені туралы жазылды. Алайда полиция мұндай мәліметті әзірге растап отырған жоқ.

Жақында Алматы қаласында 12 жастағы оқушыны пышақтап өлтірді деген күдікпен 13 жастағы жасөспірім ұсталған.