Жаңалықтар

Тоқаев Головкинді Бокс даңқы залына енуімен құттықтады

Геннадий Головкин еңбегін жоғары бағалағаны, сенім артып, қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты / фото: Ақорда
Тоқаев Головкинді Бокс даңқы залына енуімен құттықтады / фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Геннадий Головкинді Халықаралық бокс даңқы залына ресми түрде енуіне орай құттықтады. Бұл туралы президенттің кеңесшісі – президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тарихи оқиға аты аңызға айналған отандасымыздың мұрасының жаһандық спорт үшін ерекше маңызын, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы объективті бейнесі мен беделін ілгерілетуге қосқан елеулі үлесін көрсететінін атап өтті.

Мемлекет басшысының пікірінше, Геннадий Головкин – еліміздің спорттық даңқының символы және оның халықаралық спорт қоғамдастығындағы елшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев планетаның ең үздік боксшыларының бірінің табыс тарихы жас спортшылар ұрпағын алдағы уақытта да биік мақсаттарға жетуге шабыттандыра беретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің және World Boxing ұйымының президенті, аңызға айналған боксшы ГеннадийГоловкин ресми түрде Халықаралық бокстың Даңқ залына (IBHOF) енгенін жазған едік.