
Биылғы негізгі ҰБТ басталғалы бері 474 талапкер емтихан ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Ереже бұзудың негізгі бөлігі, яғни 298 жағдай – смартфондар, смарт-көзілдіріктер, микроқұлаққаптар және шпаргалкалар сияқты тыйым салынған заттарды аудиторияға алып кіру әрекетімен байланысты. Тағы 176 талапкер тестілеу барысында тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Дегенмен, бөтен адамдарды пайдалану жағдайлары тіркелген жоқ.
Министрліктің мәліметінше, ҰБТ-2026 аяқталғаннан кейін тестілеудің бейнежазбалары 31 қазанға дейін мұқият тексеріледі. Егер тыйым салынған заттарды қолдану немесе басқа да бұзушылықтар анықталса, талапкерлердің нәтижесі автоматты түрде жойылады.
ҰБТ-2026 статистикасы Тестілеудің бес аптасында талапкерлер сынақты шамамен 236 мың рет тапсырды. Оның ішінде:
- 72%-ы – қазақ тілінде;
- 28%-ы – орыс тілінде;
- 408 рет – ағылшын тілінде тапсырылған.
Жалпы нәтиже:
- Талапкерлердің 67%-ы шекті балл жинады.
- Бес пән бойынша орташа нәтиже – 64 балл.
- Ең жоғары нәтиже – 140 балл (Павлодар облысынан Әсет Альтаир).
Сондай-ақ, ҰБТ барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 668 талапкерге қолайлы жағдай жасалды.
Еске сала кетейік, негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін 240 мыңға жуық адам өтініш берген. Екі мүмкіндікті ескере отырып, барлығы 446 мыңнан астам өтініш қабылданды. Талапкерлер тест мазмұнына қатысты апелляцияны емтихан біткен соң 30 минут ішінде бере алады.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық тестілеу орталығының өкілі Ғалымжан Мұхамедьяровжас талапкерлердің ата-аналарына үндеу жасап, емтиханның әділ өтуі басты назарда болатынын айтқан еді.