Қоғам

6 коттедж және 11 автокөлік: «Kyzdar.net» иелерінің қандай мүлкі болған

"Kyzdar.net" сайтын неге бұғаттай алмай отыр
«Kyzdar.net» ұйымдастырушылары айына 500 млн теңге пайда тапқан / Фото: Shutterstock

Алматы полициясы «Kyzdar.net» интернет-ресурсы иелерінен қандай мүлік тәркіленгені туралы ақпарат таратты. Соған сәйкес, күдіктілердің атында шағын және орта бизнес саласында қызмет ететін 8 компания болған.

Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағындағы бағалы мүлік тіркелген. Ішінде 5 пәтер, 6 коммерциялық нысан, 6 коттедж, 10 жер учаскесі, 6 автотұрақ орны және 11 люкс санатындағы автокөлік бар.

«Қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеуді қамтамасыз ету және оны заңдастыру белгілерін анықтау мақсатында күдіктілердің және олармен байланысты компаниялардың мүлкіне қатысты мәмілелер тоқтатылды», – деп хабарлады полиция.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі еліміздегі жеңгетайлық пен интимдік қызметтерді насихаттайтын «Kyzdar.net» ұйымдастырушылары мен түпкілікті бенефициарларын құрықтады.

Платформада интимдік сипаттағы 9 мыңға жуық анкета орналастырылған. Оның ішінде 500-ден астамы трансвеститтер мен дәстүрлі емес сексуалдық бағдардағы адамдарға тиесілі болған.

«Kyzdar.net» заңсыз қызметінен түскен қаржы ағыны айына 500 миллион теңгеден асқан.

Тәркіленген дүние-мүлік 

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктілерден қомақты қаражат пен дәлелдемелерді тәркіледі:

  • 1,3 миллион АҚШ долларынан астам қаржы (оның 300 мың доллары – криптовалюта);
  • 144 миллион теңге қолма-қол ақша;
  • Шамамен 150 бірлік компьютерлік техника және өзге де құрылғылар;
  • Қару-жарақ, оқ-дәрілер және автокөліктер.