Жаңалықтар

Алматы зообағы сирек кездесетін канадалық сілеусіндермен толықты

Алматы зообағы сирек кездесетін канадалық сілеусіндермен толықты
Алматы зообағына канадалық сілеусіндер жеткізілді/ фото: Алматы әкімдігі

Алматы хайуанаттар бағы жаңа аңдармен толықты. Халықаралық жануарлар алмасу бағдарламасы аясында АҚШ-тан канадалық сілеусіндердің жұбы жеткізілді.

Жануарлар Алматыға 6 сәуірде келген. Халықаралық алмасу бағдарламасы аясында Алматы зообағы канадалық сілеусіндердің орнына өз қорынан жыртқыш құстарды берген.

Сілеусіндер зообаққа келгеннен кейін міндетті карантиннен өтіп, ветеринарлардың жіті бақылауында болды. Бүгінде олар жаңа ортаға толық бейімделіп, келушілер назарына іліге бастады.

Зообаққа әкелінген сілеусіннің жасы – 3-те, ал ұрғашысы – 7-де. Олар ұсақ жыртқыштарға арналған «леопардтар шеңбері» аумағындағы арнайы вольерлер кешеніне орналастырылды.

Жыртқыштардың күнделікті рационына балық, сиыр еті және тауық еті кіреді.

Канадалық сілеусіннің қандай ерекшелігі бар?

Канадалық сілеусін – Солтүстік Американың солтүстік өңірлерін мекендейтін бірегей жыртқыш. Ол қатал климатқа бейімділігімен, қалың жүнімен және қар үстінде оңай қозғалуға мүмкіндік беретін жалпақ табандарымен ерекшеленеді.

Жануардың тағы бір айрықша белгісі – құлақтарының ұшындағы ұзын шашақтары. Олар тек сыртқы сән үшін емес, дыбыстарды жақсы қабылдауға көмектесіп, аңшылық кезінде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ сілеусіндер жүрген кезде артқы аяқтарын алдыңғы аяқтарының ізіне дәл басып, өте дыбыссыз қозғалады.

Алматы хайуанаттар бағының мамандары жаңа жұптың болашақта төл беретініне үміт артып отыр.

Бұған дейін зообақта дүниеге келген үш жолбарысқа Алан, Арлан және Тарлан деген есімдер берілген еді.