
Алматыда салынатын SkyTrain жеңіл рельсті пойызының екі маршруты анықталды деп жазады Kolesa.kz.
1-ші желінің бағыты – «Барлық» көлік-транзиттік торабынан басталып, Райымбек даңғылымен жүреді, кейін Саин көшесіне бұрылып, Әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма автомобиль жолы арқылы «Шығыс қақпасы» көлік-транзиттік торабына дейін жетеді. Ұзындығы 29 шақырымды құрайды (16 бекет). Іске асыру мерзімі – 36 ай.
2-ші желінің бағыты – Райымбек даңғылының бойымен, Саин көшесінен «Шығыс қақпасы» көлік-транзиттік торабына дейін барады. Ұзындығы – 13 шақырым (төрт станция). Құрылыс мерзімі – 36 ай.
SkyTrain желілерінің жалпы ұзындығы 42 шақырымға жетеді. Станциялар саны – 20. Сағатына 35 шақырым жылдамдықпен қозғалады. Пойыз депоны Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Абай ауылында, «Барлық» көлік-транзиттік торабының жанында орналастыру жоспарланған.
Әзірге Қаскелең мен Талғарға монорельс тартылмайды, құрылыс уақыты да нақтыланбаған.
Айта кету керек, жақында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қытайға сапарлап, жергілікті компаниялармен маңызды келісім жасап келді. Енді LRT мен SkyTrain құрылысын CRRC қытай компаниясы, Алматы әкімдігі және Integra Construction KZ бірігіп жүзеге асырады.