
Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот жалғасып жатыр. 16 маусымдағы сот отырысында Сұлтаннан жауап алынады.
Сотталушы оқиғаның қалай болғанын айтып беріп жатыр. Айтуынша, балаларына анасы қараған. 2025 жылдың қыркүйегінде әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваға бірінші топтағы мүгедектігі бар деген анықтама берілген. Әрі қарай әрекетке қабілетсіз деп тану туралы шешімді екі ай күту қажет болған. Сол уақытта үш жастағы қызы мен әйелін алып, қайын жұрты тұрып жатқан Жангелдин ауылына баруды ойлаған.
«Көзқарасы өзгерген болар, барып қайтайық дедім. Жақсы болса, Ақбаянға қамқоршы ретінде сол кісілерді тағайындайды деп ойладым. Бардым. Ештеңе ойластырып барған жоқпын. Жанымда үш жасар қызым бар. Ойын білгім келді. Бұл – 3 қараша. Үйдегі Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева, Мейрамгүл Қарабалина «сен неге келдің?» деді. Есіктен кірген бойда қатты сөздер айтты. Ақбаян демалсыншы деп, «ертең сөйлесейік» дедім де, ұйықтап қалдым. Таңғы уақытта әкесі аяғымнан теуіп кетіп, оятты. «Қалған балалар қайда? Оларды алып кел. Ақбаян осы үйде қалады» деді. Анадай көзқарасты түсінбей қалдым. Бекер келдім деген ой болды. Оларға қамқоршы тағайындау, мүгедектік туралы айтып та үлгермедім. Басқа балаларды әкеліп тастауға маған уақыт берді. Әкелмесем, үйіме барып жанжал шығаратындарын айтты», – дейді Сәрсемәлиев.
Айтуынша, осының бәрі психологиялық соққы боп тиген.
«…Елде тергеушіге жетпей әуежайда қабылдаған кісілерге қылмысымды мойындап тастағам. Ақталатындай, қылмыстан жалтаратындай ешқандай әрекет жасаған жоқпын.
Түсінемін, артық кеттім. Бірақ олар да өздері сұрап алғандай болды. Біреуі болмаса біреуі қояр деп мүмкіндік бердім ғой», – дейді Сәрсемәлиев жылап.
Қылмыстық іс
Сот барысында Сұлтан Сәрсемәлиев қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыпқа келіспеді. Сөзінше, мұндай әрекетке өзін қорғау үшін барған. Бұл жағдай абайсызда болғанын айтты. Кейіннен Наурыз Мұқанғалиевтің басы денесінен бөлініп қалғаны белгілі болды.
Сондай-ақ қайын атасы Мақсот Қарабалинді 9 рет, Нәсіп Өтешқалиеваны 8 рет пышақтағанын, осылайша екеуін қасақана өлтіргенін мойындады.
Ал қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны 32 рет пышақтаған.
