Қоғам

«Аяушылық сезімі болған жоқ»: Сәрсемәлиев қайын апасын 32 рет пышақтамадым деп отыр

Нұрсұлтан Нұрсейіт
Сұлтан Сәрсемәлиев сотта жауап беріп жатыр/фото: Нұрсұлтан Нұрсейіт

Сұлтан Сәрсемәлиев Жангелдин ауылында тұрып жатқан ата-енесін өлтіргеннен кейін не істегенін айтып берді.

«…Таңға дейін қаздым. Келесі күні үйде болмадым. Сол күні келіп, біреу іздеп қалғанда мүмкін ашылып қалар еді. Қылмыс жасаған адам сол күні қашып кетеді ғой, мен «ұстасын, мейлі» деп, екі күн сол үйде болдым. «Ұсталсам, ұсталайын» дедім. Өзім дайын болдым. Екі күн сол үйде болдым, келесі күні жинақтадым», – деді сотталушы.

Артынша қылмысты жасыру мақсатында Мейрамгүл мен Ақбаянды Атырау маңындағы үйге алып кеткен.

«…Екеуі де тамақ істей алмайды, тамаққа тапсырыс бердім. Ертеңі азық-түлік алып келдім. Мейрамгүлден «Ақбаянға қарай тұршы» деп сұрадым. Анасы айтқан намысыма тиетін сөздерін Мейрамгүл қайталаған кезде… «Ақбаян ауру ғой» деп, ауырып қалғанына мені және ішіндегі баланы кінәлады», – дейді Сұлтан Сәрсемәлиев.

«Мейрамгүлді 32 рет пышақтаған жоқпын»

Айтуынша, қылмысқа жылдар бойы жиналып келген өшпенділіктен барған.

«…Мейрамгүлді нақты өлтіремін десем, ертпей, сол жерде өлтірер едім… Мейрамгүлді Ақбаянмен бірге ертіп жүремін деп ойладым. (…) Сондай сөз естіген соң… Жылдар бойы ауру болып қалған ғой. Сараптамада 32 жерінен пышақтады дейді. Тым көп сияқты. Сөйлегеннен кейін, сөзінен шаршағаннан бет тұсынан екі рет соққы жасаған шығармын. 1-2 секундта құлады, құлағанша (соққы жасадым). Бір жарақатты екі рет деп санамаса…Мейрамгүлден ондай сөз шықпайтын шығар, намысыма тимейтін шығар деп үміттеніп келгем», – дейді сотталушы.

Содан кейін мәйітті жасыруды ойластырған.

«Наурыз Мұқанғалиевті жерлеген жерден басқа жер таба алмадым. (…) Оларға деген аяушылық сезімі болған жоқ», – дейді Сұлтан Сәрсемәлиев.

Қылмысын бірден мойындаған

Сұлтан Сәрсемәлиев тергеушіге жетпей-ақ әуежайда шетелден қабылдап алған кісілерге жасағанқылмысын мойындаған.

«…Ақталатындай, қылмыстан жалтаратындай ешқандай әрекет жасаған жоқпын.

Түсінемін, артық кеттім. Бірақ олар да өздері сұрап алғандай болды. Біреуі болмаса біреуі қояр деп мүмкіндік бердім ғой», – дейді Сәрсемәлиев жылап.

Атыраудағы трагедия | Сұлтан Сәрсемәлиев өлім жазасына да дайын | Бес баланы кім бауырына басты?

Қылмыстық іс

Сот барысында Сұлтан Сәрсемәлиев қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыпқа келіспеді. Сөзінше, мұндай әрекетке өзін қорғау үшін барған. Бұл жағдай абайсызда болғанын айтты. Кейіннен Наурыз Мұқанғалиевтің басы денесінен бөлініп қалғаны белгілі болды.

Сараптама қорытындысына сәйкес Сәрсемәлиев қайын атасы Мақсот Қарабалинді 9 рет, Нәсіп Өтешқалиеваны 8 рет пышақтағанын, осылайша екеуін қасақана өлтіргенін мойындады. Ал қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны 32 рет пышақтаған.