Жаңалықтар

Ғарыш салатын жаңғырту: Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді

Ғарыш салатын жаңғырту: Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында отандық ғарыш саласының қазіргі жай-күйі мен даму болашағы талқыланды.

Жиын барысында ғарыш инфрақұрылымын жетілдіру, спутниктік байланыс жүйелерін нығайту және саланың стратегиялық әлеуетін мемлекет мүддесі үшін тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ғарыш индустриясы жаңа кезеңге өтуде

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда ғарыш секторының жаһандық ауқымда түбегейлі өзгергенін атап өтті. Бұрынғыдай ғарыш саласы тек ірі державалардың «жабық клубы» болып қала бермейді. Қазір жекелеген компаниялар байланыс, навигация, ғарыштық мониторинг және ғылыми зерттеулер сияқты маңызды бағыттарды белсенді дамытып келеді. Осы орайда Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалмай, заманауи талаптарға сай бейімделуі тиіс.

Үкіметке жүктелген міндеттер

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ғарыш деректеріне негізделген қолданбалы шешімдерді енгізу және спутниктік жүйелерді цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Президенттің пікірінше, ғарыш саласын дамыту тек техникалық жағынан ғана емес, сонымен бірге ғылыми тұрғыдан да маңызды. Астрофизика саласындағы зерттеулерге басымдық беріледі. Ұлттық технологиялық және инженерлік әлеуетті нығайту жолындағы бұл жобаның іске асырылу барысы оң бағаланды.

Халықаралық серіктестік және әлеуметтік мәселелер

Мемлекет басшысы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, Ресей Федерациясымен және басқа да шетелдік серіктестермен стратегиялық ықпалдастықты тереңдетуді тапсырды. Сондай-ақ Байқоңыр қаласы мен оған іргелес жатқан аудандардағы тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру – күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі.

Отырыс қорытындысы бойынша президент Үкіметке ғарыш саласын жаңғырту және оның нәтижелерін экономика мен мемлекеттік басқару жүйесінің игілігі үшін тиімді пайдалану бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, осыған дейін президент азаматтардың құқығын қорғау мәселесі бойынша жиын өткізген еді.