Жаңалықтар

Кәсіпкердің салықтан басқа қарызы болмаса банкрот бола алмайды

Банкроттық ережесі өзгереді / Фото: Shutterstock

Қазақстанда банкрот болу және қарызды кешіріп, бизнесті қайта аяққа тұрғызу (оңалту) ережелері айтарлықтай жеңілдейді. Парламент Мәжілісі осыған қатысты жаңа заң жобасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді.

Жаңа өзгерістердің басты мақсаты – қарызды жабу немесе банкроттық рәсімдерін созбалаңға салмай, тез әрі әділ өткізу, сондай-ақ заңды алдап, әдейі банкрот болғысы келетіндерге тосқауыл қою.

Бұған қоса, енді банктер несиесін төлей алмай жүрген адамдарға банкроттық рәсімінен өтуді өздері ұсынатын болады.

Бұл заң қарызға батқан борышкерлердің де, ақшасын қайтарғысы келетін несие берушілердің (кредиторлардың) де мүддесін тең қорғауға бағытталған. Енгізілетін негізгі өзгерістер мынадай:

  • Өтірік банкрот болуға тыйым салынады: Егер кәсіпкердің мемлекеттен (салықтан) басқа ешкімге қарызы болмаса, оған қарыздан құтылудың жеңілдетілген рәсімін бастауға рұқсат берілмейді.
  • Мүлікті сату нақтыланады: Банкрот болғандардың мүлкін тікелей сату кезінде несие берушілердің құқығы мен атқаратын рөлі заңмен нақты бекітіледі.
  • Уақыт созуға жол берілмейді: Егер сот адамды немесе компанияны банкрот деп танудан бас тартса немесе тараптар өзара келісімге келсе, банкроттыққа қайтадан арыз беру үшін қатаң уақыт мерзімдері белгіленеді. Процесті әдейі созу мүмкін емес.
  • Бәрі цифрлық форматқа көшеді: Несие берушілерді жиналыс пен отырыс туралы интернет, телефон және арнайы цифрлық жүйелер арқылы жедел құлағдар етіп отырады.

Одан бөлек бнкроттық процесін жүргізетін мамандардың азаматтығына қойылатын талаптар нақтыланып, құқықтары кеңейеді. Сондай-ақ, маңызды себептері болса, оларға бұл жұмыстан өз еркімен ерте бас тартуға рұқсат беріледі.

Елде 5 жылдан бері несиесін төлемей жүрген жарты миллион адам бар. Алайда олар өзін банкрот деп жариялауға өтінім бермеген.

Дегенмен кейінгі жылдары әде банкрот болғысы келетіндердің де қатары көбейген. 2024–2025 жылы оларға қатысты 120 әкімшілік іс және 44-тен астам қылмыстық іс қозғалған.