
Екі аптадан кейін парламент ресми түрде қызметін тоқтатып, қыркүйекте Құрылтай жұмысқа кіріседі. Осы орайда соңғы үш жылдан аса жұмыс істеген мәжіліс депутаттарының жұмысына көз жүгіртіп көрдік. Қай депутат белсенді болды, ал қайсысы үнсіз отырды? Қай министрліктің көбірек «мазасын алды»? Осы сұрақтарға жауап табу үшін Kursiv.Media VIII шақырылымдағы депуттардың рейтингісін құрап, белсенділерін анықтады.
Мәжілістің VIII шақырылымның депутаттары 2023 жылғы наурыздағы сайлаудан кейін жұмысын бастаған. Олар жолдаған сауалға қарап, қандай мәселе алаңдатқанын, өңірдегі проблемаларды, оған қатысты мемлекеттік органдардың ұстанымын білуге болады.
Мәжіліс сайтындағы деректерге сүйенсек, 98 депутат 2023 жылғы 29 наурыздан деректер жиналып басталған 23 мамырға дейін жекелей және бірлескен 1609 сауал жолдаған. Олардың қатарында басқа қызметке ауысып кеткендердің де сауалы бар.

Ең белсенді депутаттар тізімін Ирина Смирнова бастап тұр. Ол төрт сессияда 324 сауал жолдаған. Қазыбек Иса екінші орында, 321 сауал жолдаған. Ал депутат Таңсәуле Серіков 249 сұрақ жіберген.
Алғашқы ондыққа Нұргүл Тау (235), Ажар Сағандықова (233), Азат Перуашев (226), Дания Еспаева (217), Ерлан Барлыбаев (215), Кенжеғұл Сетжан (206), Аян Зейнуллин (206) кірді. Басқа қызметке ауысып немесе өкілеттігі тоқтап депутаттық мерзімді соңына дейін жеткізе алмаса да үздіктер қатарына енген экс-депутаттар бар. Айталық, 2026 жылғы 11 ақпанда президент әкімшілігіне ауысқан Елнұр Бейсенбаев 243 сауал жолдаса, 14 қаңтарда өкілеті тоқтатылған Гаухар Танашева 230 сауал жолдап үлгерген.
Соларды қоса алғанда 200-ден көп сауал жолдаған депутаттар саны – 12. Оларды шартты түрде ең белсенді топ деуге болады. Ал 100-ден жоғары сауал жібергендер саны – 40.
«Үндеместер»
Дегенмен белсенділік барлық депутатта бірдей емес. Сауал саны жөнінен ең төмен көрсеткіш көрсеткен депутаттар қатарында Снежанна Имашева – 11, Татьяна Савельева – 14, Марат Башимов – 16, Тілектас Адамбеков – 17, Айгүл Құспан – 18, Дмитрий Колода – 19, Бақтықожа Ізмұхамбетов – 20, Вера Ким – 21 және Никита Шаталов – 22 сауалмен тұр.
Бұл топты шартты түрде «үндемес депутаттар» деп атауға болады. Бірақ бір нәрсені ескеру керек: кесте тек сандық белсенділікті көрсетеді. Ал депутат жұмысының сапасы тек сөйлеу, сауал жолдау немесе тіркелген белсенділік санымен өлшенбейді. Кейбір депутаттар комитет жұмысы, заң жобаларын әзірлеу немесе фракция ішіндегі талқылаулар арқылы да белсенді жұмыс істеуі мүмкін.
Соған қарамастан, ашық дерек депутаттардың жария алаңдағы белсенділігі әртүрлі екенін көрсетіп отыр. Бір топ депутат тұрақты түрде көзге түссе, екінші топтың көрсеткіші өте төмен. Сайлаушы үшін мұндай рейтинг депутаттың мәжілістегі нақты белсенділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов тізім енгенімен, ол мәжілісте ұйымдастырушылық-әкімшілік функцияларды атқаратынын атап өткен жөн. Әйтсе де оның да депсауал жолдау құқығы бар.
Депутаттар ең көп сауалды кімге жолдады?
Статистикалық талдау көрсеткендей, халық қалаулылары көбінесе салалық министрліктерден гөрі, тікелей премьер-министрден немесе оның орынбасарларынан саяси шешімдер мен нақты жауап күтеді.
Сессиялар бойынша қарасақ, ең жоғары белсенділік 2-сессияда тіркелген. Бұл кезеңде депсауалдардың жалпы көрсеткіші 526 болды. 3-сессияда – 462, 4-сессияда – 367, ал 1-сессияда 254 сауал жолданған. Қызығы, алғашқы сессияларда үкіметті Әлихан Смайылов басқарған. Ол парламент сайлауынан кейін 2023 жылдың 30 наурызынан 2024 жылдың 5 ақпанына дейін министрлер кабинетіне жауап берді. Осы кезде депутаттар тарапынан жолданған сауалдар да өте аз болған. Одан кейін үкіметті басқару Олжас Бектеновтің құзырына өтті, тиісінше депутаттық сауалдар көбейгенін байқауға болады.
Министрлер кабинетінің басшысына 710 сауал жолданған. Оның ішінде қазіргі премьер-министр Олжас Бектеновке 477 сауал (67,2%) түссе, бұрынғы үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың тұсында көрсеткіш 233 (32,8%) болды.
Талдау кезінде Смайылов пен оның орынбасарларын бөлек, Бектенов пен оның орынбасарларына жіберілген сауалдарды бөлек қарастырдық. Инфографикаға премьер-министр орынбасары ретінде оннан көп сауал алған тұлғаларды ғана кіргіздік. Мәселен, қазір Бектеновтың бірінші орынбасарлары қатарында Жаслан Мәдиев, Аида Балаева, Серік Жұманғарин бар. Бірақ оларға жіберілген сауалдар қызметтен кеткен Тамара Дүйсенова, Алтай Көлгінов, Ермек Көшербаевқа қарағанда аз (онға жетпейді). Сондықтан инфографикаға енбеді.
Тағы бір ескерту, премьер-министр орынбасары және министр атына түскен сауалдар екі бөлек. Серік Жұманғаринге орынбасар ретінде 94 сауал түскен, бірақ министр ретінде 7 сұрақ барған.
Әлеуметтік блок алда
Премьер-министрдің орынбасарларына барлығы 224 сауал бағытталған. Бұл қоғамдағы білім, денсаулық сақтау және еңбек қатынастары мәселелері парламент қабырғасында өте өткір тұрғанын көрсетеді.
Экономика және қаржы
Экономика және сауда блогы бойынша Серік Жұманғариннің атына 94 сауал (93,1%) түскен. Қаржы министрлігіндегі жағдай да осыған ұқсас: экс-министр Ерұлан Жамаубаевқа 20 сауал бағытталса, жаңа министр Мәди Такиевке 10 сауал қойылған.
Денсаулық сақтау жүйесі
МӘМС жүйесіндегі олқылықтар мен ауруханаларды қаржыландыру мәселесі Парламентте жиі көтерілетіндіктен, денсаулық сақтау министрлігіне де сұрақ көп. Министр Ақмарал Әлназароваға 24 сауал (66,7%) түсіп үлгерсе, экс-министр Ажар Ғинияттың тұсында (осы шақырылым аясында) 12 сауал жолданған.
Бұл шығарылым – Kursiv.Media зерттеуінің бірінші бөлімі. Келесі бөлімдерде депутаттықтан министрлікке ауысқан шенеуніктер мен олардың бизнесі жайлы материал ұсынамыз.
Бұған дейін, мәжіліс пен сенат отырыстарының стенограммаларын жинап, депутаттар жиі қолданатын мақал-мәтелдер, қанатты сөздер шолып шыққанбыз.