
Кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп сатып алуға ниеттенген шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы e-qazyna порталы арқылы 156,9 млн теңгеге сатылды.
Айта кетейік, клубтың аукционға шығарылғандағы алғашқы құны 224,1 млн теңге болған. Алайда 2026 жылғы 28 мамырдағы сәтсіз саудадан кейін клубтың құны бірден 30 пайызға төмендеп, 156,9 млн теңгеге түсті.
Клубты сату бойынша сауда-саттық 16 маусымда өтті. Ережеге сәйкес, активті жалғыз қатысушыға сатуға рұқсат берілген. Клуб нақты 156 913 355 теңгеге сатылды. Әзірге жаңа меншік иесінің есімі жарияланған жоқ.
Сауда-саттыққа қатысу үшін үміткерлер 33,6 млн теңге көлемінде кепілдік жарна төлеуі тиіс болған. Аукцион бағаны көтеру әдісі бойынша жүргізілді. Алайда e-qazyna порталының мәліметінше, футбол клубын сатып алуға тек бір ғана өтінім түскен.
Нысанды сатушы ретінде Шымкент қаласының қаржы басқармасы әрекет етсе, клубтың иесі Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы болған.
Айта кетейік, «Ордабасы» футбол клубы Премьер-лигада өнер көрсететін Түркістан облысындағы жалғыз футбол командасы.
Бұған дейін «Ордабасының» әлеуетті сатып алушысы кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп болуы мүмкін екені айтылды.
2026 жылдың ақпан айында Шахмұрат Мүтәліптің клубқа иелік ететіні хабарланған еді. Кәсіпкерге тиесілі «Integra Construction KZ» компаниясы мен Шымкент қаласының әкімдігі футбол клубын жекешелендіру туралы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған.