
Павлодар қаласында есірткіні көкнәр тұқымы деп көрсеткендер сотталды. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, Алекперов есірткі заттары қосылған көкнәр тұқымдарын азық-түлік өнімі ретінде көрсетіп, заңсыз өткізуді ұйымдастырған.
«Қылмыстық схемаға күдіктінің жақын туыстары да қатысқан. Олардың арасында жеткізу, сақтау, буып-түю және өткізу міндеттері бөлінген.
Өнімдер басқа өңірден логистикалық компаниялар арқылы жеткізіліп отырған. Сату көкнәр тұқымы мен дәмдеуіштер ретінде жүзеге асырылған», – делінген ақпаратта.
Тінту барысында есірткі заттары араластырылған көкнәр тұқымдарының буып-түйілген партиясы тәркіленді.
Қаражат қолма-қол ақша түрінде де, банк аударымдары арқылы да қабылданған.
«Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушы екі автокөлік сатып алып, оларды жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген.
Сот үкімімен Алекперов пен оның екі сыбайласына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген ақпаратта.
Автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді. Сондай-ақ құрамында есірткі заттары бар 321 келі көкнәр тұқымы жойылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Бұған дейін Астанада шетел азаматтарына заңсыз ЖСН рәсімдеген топтың ісі сотқа жолданды. Оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері де бар.