Авто

Қазақ-орыс шекарасында 1 мыңға жуық жүк көлігі кептеліп тұр (видео)

Перуашев заявил, что казахстанские фуры сутками стоят на границе с Китаем
Жүк көлігінің иелері үш күннен бері шекарадан өте айлай тұрғанын айтты / фото: shutterstock

Қазақстан мен Ресей арасындағы бірнеше бекетте жүздеген автокөлік шекарадан өте алмай тұр. Ақтөбе облысындағы Жайсаңда 600-ден астам көлік кезек күтіп қалса, Қостанай облысындағы Қайрақта 270 көлік кептеліп тұр. Кептеліске Ресей жағы кінәлі екені айтылды.

Уақытша әжетхана жасап алған

15 маусымда Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы мен Ресейдің Орынбор облысы арасындағы Жайсаң – Сағаршын шекера бекетінде өте алмай тұрған автокөлік саны 600-ден асқаны мәлім болды. Өңірдегі мемлекеттік кірістер комитетінің бөлім басшысы Әміржан Мұхамедьяров пен Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Куйшинов шекараға арнайы барып, жағдайды білді.

«Шекарадан өткізу бекеті алдында шамамен 360 жүк көлігі кептеліп тұр. Тағы 250-ге тарта жүк көлігі Саржансай ауылында кезек күтіп қалды. Осылайша шекарадан өте алмай тұрған көліктердің жалпы саны 600-ден асып кетті», – деп хабарлады өңірдегі кәсіпкерлер палатасы.

Бұған қоса мекеме шекарада түсірілген бірнеше видеоны әлеуметтік желіге жариялады.

Жүк көлігін жүргізушілер үш тәуліктен бері шекарадан өте алмай тұрғанын айтқан. Өткізу бекеті маңы қоқысқа толғаны, жүргізушілер өз күшімен жасаған уақытша әжетхананы пайдалануға мәжбүр.

Ресей жағы кінәлі

Палата дерегінше, кезекте тұрған көліктердің жартысынан астамына тез бұзылатын өнім тиелген. Қарбыз, шие тиелген көліктер бар. Кәсіпкерлер палатасы кептелісті Ресей жағындағы бекет туғызғанын хабарлады.

«Жүк тасушылардың дерегінше, «Сағаршын» бекетінде өткізу мүмкіндігінің шектелуі кептеліс туғызған. Онда жолдың бір ғана жолағы істеп тұр. Оның өзінде жолаушы және жекіл көлікке басымдық беріліп, содан кейін ғана жүк көлігі өткізіледі», – деп таратты облыстық кәсіпкерлер палатасы.

Оның үстіне жүргізушілер бағытты өзгерте алмайды, өйткені олар рұқсат құжаттарын дәл осы бекеттер үшін әзірлеген.

Мәліметте Қазақстан жағындағы «Жайсаң» бекетінде кептеліс жоқ екені айтылды.

Кәсіпкерлер палатасы жағдайды реттеу мақсатында Орынбор облысы кәсіпкерлер құқығын қорғаушы уәкілге үндеу жолдаған.

Қостанайдағы жағдай

Бұл уақытта Қостанай облысындағы Қайрақ автокөлік өткізу бекетінде де ұзын-сонар кептеліс пайда болды.

«Қазір мемлекеттік шекарадан өту үшін шамамен 270 жүк және жеңіл автокөлік кезекте тұр», – деп хабарлайды осы өңірдің ҰҚК Шекара қызметінің департаменті.

Мұндағы кептеліске «өткізу бекетіне қосымша жүктеменің артуы» себеп болғаны айтылды. Департамент жазда ауыл шаруашылығы өнімдерін тасу көбейгенін, оның үстіне жолаушылар саны да артатынын ескертіп отыр.

Шекара қызметі Сырым (Батыс Қазақстан) және Қосақ (Павлодар) шекара бекеттерінде кептеліс көбейіп, жүргізушілер Қайраққа қарай ағылғанын мәлімдеді. Қазір көрші елдер арасындағы шекара бекеттерінің бәрінде кем дегенде 1 мың жүк көлігі кезек күтіп тұр деуге болады.

Қазір Қазақстан мен Ресей арасында елу шақты шекара бекеті жұмыс істейді. Екі ел арасындағы құрлықтағы шекара ұзындығы – 7 591 км.