
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов жеке бизнесі бар екенін растады. Бұл туралы ол үкімет отырысынан кейін өткен брифингте айтты.
«Шынымен ол компанияның құрылтайшысымын. Мемлекеттік қызметкерлердің заңы бойынша, компания сенімгерлік басқаруға берілген. Бірақ қазір «Қазақстан темір жолымен» де, мемлекетпен де жұмыс істемейді. Сондықтан ешқандай мүдделер қақтығысы туындамайды», – деді ол.
Алдыбергеновтың түсіндіруінше, компания құрылтайшысы болғанымен оны басқаруға қатыспайды. Оның кіріс-шығысын есептейтін басқа кәсіпорын бар.
Мұнда сөз болып отырған компания – «АСТАНАТРАНСЭКСПРЕСС» ЖШС. Астанада тіркелген, жүк тасымалымен айналысады, ресми экспедиторлық ұйымдар қатарына енген.
Талғат Алдыбергенов «ҚТЖ» басшылығына 2025 жылы шілдеде келді. Оған дейін басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Айта кетейік, бүгін «Қазақстан темір жолы» компаниясы өкілдері Қазақстанда пойыздардың жүру уақыты қысқаратынын хабарлады. Яғни болашақта пойыздар шағын станцияларға тоқтамауы мүмкін.