
Ақмола облысы прокуратурасының хабарлауынша, арнайы прокурорлар Щучинскідегі «Центр плова Loft» дәмханасында болған газ баллонының жарылуы мен өртке қатысты істі тергеуді аяқтады.
Қадағалау органының дерегінше, қылмыстық жауапкершілікке үш адам тартылуда: мекемені жалға алушы, автогаз құю станциясының директоры және газ жеткізумен айналысқан адам.
Олардың әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» және 306-бабының 3-бөлігі «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету» бойынша сараланды.
Прокуратура арнайы прокурорлар қауіпсіздік талаптарын бұзу мен орын алған ауыр зардаптар арасындағы тікелей себеп-салдарлық байланысты анықтағанын хабарлады.
«Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды», — деп хабарлады өңір прокуратурасы.
Естеріңізге сала кетейік, 26 ақпанда Щучинскідегі «Центр плова Loft» дәмханасында газ баллоны жарылды. Жарылыстан өрт басталып, салдарынан 26 адам зардап шекті. Соңғы деректер бойынша, өртте 12 адам қаза тапты.