Жаңалықтар

СҚО-да егістікті химиялық өңдеу кезінде ер адам қаза тапты

СҚО-да егістікті химиялық өңдеу кезінде ер адам қаза таптыshutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы алқабын химиялық өңдеу кезінде ер адам қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform.

Оқиға 14 маусымда Ленин ауылдық округіндегі «Қазақстан Бидайы» ЖШС алқабында болды. Қаза болған азамат 46 жаста, шаруашылықта механизатор болып жұмыс істеген және Новоселовка ауылының тұрғыны болған.

Сағат 10.00 шамасында ер адамды егістікке химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін апарған. Түнге қарай, сағат 23.00 шамасында оның жағдайы күрт нашарлап, әріптесі жедел жәрдем шақырған. Ер адамды көлікке отырғызып, дәрігерлерге қарсы жолға шыққан, алайда ол жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін көз жұмды.

Өлімнің нақты себебін анықтау үшін мәйіт сот-медициналық сараптамасына жіберілді. Өңірде өндірісте болған қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтайтын арнайы комиссия құрылды.