
Әлеуметтік желіде «Әділет» партиясының партиялық билетін беру және партия құрамына тіркеумен айналысып жатқан парақшалар анықталды. «Әділет» партиясы мұндай ақпараттың жалған екенін мәлімдеп, өзін партияның ресми өкілдігі ретінде таныстыратын жалған аккаунттар мен парақшаларға сенбеуге шақырды.
«Ол аккаунттардың «Әділет» партиясына ешқандай қатысы жоқ. Олар арқылы таратылатын кез келген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Партияның тек ресми ақпарат көздеріне сену керегін еске саламыз: @adilet_partiyasy, t.me/adilet_partiyasy, adilet-partiyasy.kz», – делінген ақпаратта.
Материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған. «Әділет» партиясына қатысты ақпарат алғысы келетін азаматтар жеке деректерін бейтаныс адамдарға бермегені жөн. Ал партияның атауы мен логотипін заңсыз пайдалану жауапкершілікке алып келеді.
Айта кетейік, 12 маусымда Amanat партиясы «Әділет» партиясына қосылу туралы шешім қабылдады. Араға бір күн салып «Әділет» партиясы Amanat партиясының жаңа партия құрамына қосылуын қолдады.