
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жаңа теміржол желілері салынатын өңірлерді атады.
«Теміржол желісінің өткізу қабілетін одан әрі арттыру үшін бірқатар жаңа жобаларды ұсынамыз. Олардың қатарында Астана – Қарағанды бағытында үшінші жолдарды және Арыс – Қазалы учаскесінде екінші жолдарды салу бар. Сондай-ақ Қызылжар – Шұбаркөл – Есіл және Индербор – Мақат бағыттарын модернизациясы жоспарланған«, – деп мәлімдеді министр үкімет отырысында.
Сонымен қатар министрлік Қарағанды облысындағы Қарағайлы өңіріндегі кен орындарына баратын жолды жаңғырту керек деп санайды.
«Содан кейін көптен бері көтеріліп жатқан жоба: Индербор – Орал. Бұл жоба бір жағынан Оралды тікелей жолмен байланыстырады және Батыс Қазақстандағы кен орындарын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл екі жол перспективті жобалар қатарына қосылды», – деп түсіндірді ведомство басшысы.
Жалпы алғанда, алдағы үш жылда елде 1391 шақырым жаңа теміржол желісін салу, шамамен 1000 шақырым теміржол желісін жаңғырту, сондай-ақ жылжымалы құрамды жаңартып, терминалдар желісін кеңейту жоспарланып отыр.
Еске салсақ, осыған дейін Нұрлан Сауранбаев Қазақстанда локомотивтердің 49 пайызы тозып тұрғанын мәлімдеді.