
«Аманат» партиясы «Әділет» қатарына қосылмай жатып-ақ ғимарат сыртындағы атауын өзгертіп тастады. 27 жылдық тарихы бар партия әлі мандат алмаған саяси ұйымға қосылуына депутаттары қалай қарайды? Олар «Әділет» партиясына қосылуға өтініш бере ме? Kursiv Media сұрап көрді.
Редакция тілшісі микрофон тосқан депуттардың кейбірі әлі шешім қабылдамағанын айтады.
«Енді «Аманат» партиясы қосу туралы шешім қабылады, қосылу процесі әлі жүріп жатыр. Алдағы саяси науқанға байланысты ойланып, сосын шешім қабылдаймыз. Қазір «Аманат» партиясы құжат түрінде, фракция штаттық режимде жұмыс істеп тұр, сондықтан «Аманат» партиясындамын», – дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Нартай Аралбайұлы әзірге саяси мансабы қалай болатынын шешпеген. Әріптесі Мұрат Әбенов те осы пікірді айтады.
«Мен әлі ешқандай шешім қабылдаған жоқпын», – деді депутат. Ол «Аманат» партиясы міндетін орындады деп есептейді.
Ал Ерлан Сайыров «егер «Әділет» қатарына қосылмасам, университетте сабақ беруді жалғастырамын дейді. Саясаттану, экономика тақырыбында дәріс оқымақ. Бірақ оған дейін «Әділет» қатарына өтуге өтініш беріп көрмек.
«Барлығымыз «Әділетке» өтуге өтініш береміз, өйткені «Аманат» партиясы қосылып отыр… Парламент трибунасы – қоғамдық мәселелерді шешудегі қосымша трибуна, одан басқа еш артықшылығы жоқ. Депутат болсақ та, қарапайым азамат болса да қоғам мәселелерін көтереміз», – деп атап өтті ол.
«Әділетке» өтініш беріп, қатарына қосылғысы келетінін ашық айтқанның бірі – Самат Нұртаза.
«Партиялық дисципилина деген болады. Партияға кіргенде партия басшылығына бағыну керек, бір партия ішінде екі-үш пікір деген жоқ. Партия басшылығы қалай айтады, солай болады. «Әділетке» кіру-кірмеуім әлі белгісіз, ешнәрсе айта алмаймын. Бірақ менің қажетім болса, шақырса, неге бармасқа?», – деп ағынан жарылды ол.
Тағы да оқыңыз: Мәжіліс депуттары үш жылда не тындырды – Kursiv.Media зерттеуі
Өзге партиялардың сайлауға дайындығы қандай?
Аманаттықтар «Әділетке» қосылу-қосылмауды шешіп жатқанда, өзге партия мүшелерінен алдағы Құрылтай сайлауына жоспар қандай деп сұрап көрдік. Бірақ қызу дайындық байқалмайды.
«Ауыл» партиясы атынан сайланған Қарақат Әбден әлі уақыт бар деп асықпайтын сыңайлы.
«Жалпы оның барлығы (бағдарлама дайындау – ред.) жоспарда бар, бірақ қазіргі басты міндет – бастаған жұмыстарды аяқтау. Сайлаушылар алдында берген уәделер бар, соны аяқтап бітіру керек. Ал ресми түрде сайлау уақыты айтылған жоқ. Әлі бұйрық берілген жоқ, уақыт бар», – дейді ол.
Әбден соңғы екі аптада өзіне есеп беретінін, бірақ міндеттелген жұмыстарды орындадым деп есептейтінін айтты. «Ақ жол» партиясының мүшесі Олжас Нұралдинов та сайлауға түсетін нақты тізім құрылмағанын айтады.
«Негізі партия әр сайлауға дайын болуы керек. Бірақ бізде әзірге нақты тізім құрылған жоқ. Ол енді халық шешімінен кейін белгілі болады. Бірақ Құрылтайда міндетті түрде Ақжол партиясы болуы керек деп ойлаймын. Біздің өз ұстанымымыз бар, өндірісті қолдаймыз ғой, нақты орнымыз бар», – дейді Нұралдинов.
Ол жақында партия төрағасының ауысуы жайлы пікір білдіріп, оны «жақсы өзгеріс» деп бағалады.
«Ол әйелдер қауымын да партияға тартуы мүмкін», – деді Дана Еспаева жайлы.
AMANAT партиясы «Әділет» қатарына қосылуы туралы шешімді 12 маусымда өткен съезде қабылдады. Партия төрағасы мұны «күш біріктіру» деп бағалады.