Жаңалықтар

АҚШ-та жолаушылар ұшағы тас жолға құлады

АҚШ-та жолаушылар ұшағы тас жолға құлады / Фото: Shutterstock

АҚШ-тың Техас штатындағы Ларедо қаласында бизнес-джет тас жолға құлап, өртенді, деп хабарлайды Associated Press.

NetJets компаниясы пайдаланған Cessna Citation Latitude бортында алты адам болған. Олардың бірі қаза тауып, бесеуі ауруханаға жеткізілді.

Апат Ларедо халықаралық әуежайының маңында болды. Полиция мәліметінше, апатқа дейін диспетчерлер ұшақта техникалық ақаулар бары туралы хабарлаған, содан кейін онымен байланыс үзілген. Көп ұзамай борт Loop 20 тас жолына құлады.

Оқиға орнынан түсірілген кадрлардан куәгерлер мен құтқарушылардың жанып жатқан ұшақтан адамдарды шығаруға көмектесіп жатқаны көрінеді. Өтіп бара жатқан адамдар кабина терезесін балғамен және күрекпен сындыруға тырысқан. Куәгерлердің айтуынша, бірнеше адам, оның ішінде жасөспірімдер мен экипаж мүшесі аман шыққан.

Құлау кезінде ұшақтың бір бөлігі тас жолмен келе жатқан көлікке тиген. Көлікте болған адамдар аман қалып, олар да ауруханаға жеткізілді. Құтқару жұмыстарына қатысқан бес полицей түтінге улану белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Олардың жағдайы тұрақты деп бағалануда.

Апаттан кейін Loop 20 тас жолындағы қозғалыс екі бағытта да жабылды. Мамандар ұшақ сынықтарын жинап, авиациялық отынның төгілу салдарын жоюда. Апаттың себебін АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі анықтап жатыр.

Ал Ресейде Ан-26 ұшағы 1-сәуірде апатқа ұшырап, 29 адам қаза тапқан еді.