Экономика

DeepSeek Қытайдағы ең қымбат жасанды интеллект стартапына айналды

DeepSeek Қытайдағы ең қымбат жасанды интеллект стартапы атанды / фото: MCAfee

Қытайдың DeepSeek компаниясы алғашқы қаржыландыру раундынан кейін инвесторлар тарапынан 50 млрд доллардан жоғары бағаланды. Осылайша ең қымбат жасанды интеллект стартапы атанды. Бұл туралы The Wall Street Journal хабарлады.

Басылымның жазуынша, алғашқы инвестициялық раунд барысында DeepSeek 7,4 млрд доллардан астам қаржы тартқан. Оның шамамен 3 млрд долларын компанияның негізін қалаушы Лян Вэньфэн салған.

Раундқа Қытайдың ірі технологиялық компаниялары мен инвесторлары да қатысқан. Олардың қатарында Tencent шамамен 1,5 млрд доллар, жасанды интеллект саласындағы Ұлттық инвестициялық қор 150 млн доллар, аккумулятор өндіруші CATL 740 млн доллар салған. Бұдан бөлек, қаржыландыруға JD.com, онлайн ойын әзірлеуші NetEase, сондай-ақ IDG Capital пен Monolith Management инвестициялық компаниялары қатысқан.

WSJ дереккөздерінің айтуынша, Ұлттық инвестициялық қордан басқа инвесторлар қаржыны DeepSeek-тің өзіне емес, Лян Вэньфэн басқаратын коммерциялық құрылымға құйған. Мұндай тәсіл компания негізін қалаушыға DeepSeek-ке бақылауын сақтап қалуға мүмкіндік берген.

Лян Вэньфэн инвесторларға тартылған қаржы жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді жалғастыруға жұмсалатынын айтқан. WSJ жазуынша, компания адам ойлауынан да асып түсуі мүмкін технологияларды дамытуға ниетті.

Айта кетейік, Ұлттық жасанды интеллект платформасын қытайлық компания басқаратынын жазған едік