Жаңалықтар

«Көп заңға мұрындық болдым»: Жаңбыршин үш жылда қандай іс тындырғанын айтып берді

Еділ Жаңбыршин үш жылда қандай іс атқарғанын айтып берді
Еділ Жаңбыршин үш жылда қандай іс атқарғанын айтып берді/ Фото: Асқар Ахметуллин

Депутат Еділ Жаңбыршин Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп, депутатат болып сайланған соңғы үш жылда қандай іс атқарғанын, қандай заңдарға мұрындық болғанын айтты.

Айтуынша, 20 шақты заңның шығуына септігін тигізген әрі авторы болған.

«Жұмысымызға халық өзі бағасын береді деп ойлаймын. Осы күнге дейін бірнеше заңның авторы болып, бұрын болмаған заңдардың жұмыс тобын басқардым. Жетінші шақырылымда Семей ядролық полигонына қатысты заң бірінші рет қабылданған, соны басқардым. Лудомания, вейп, фонограмма, ЛГБТ насихатына қатысты нормаларды ұсындым. Радиоактивті қалдықтар жөніндегі бұрын соңды болмаған заңның авторларының бірімін. Экологиялық кодекске өзгеріс, электромобильді инфрақұрылымды дамыту, үлескерлерге қатысты заңды дайындадым. Осындай 20 шақты заңға мұрындық болдым», – деді ол.

Сонымен қатар алғаш рет мұнай, газ саласындағы ірі компаниялардың есебі тыңдалғанын қоса айтты.

`»Мұнай газ саласындағы ірі компаниялардың бұрын тыңдалмаған есебін тыңдадық. Тағы шарулар бар. Атқарылған жұмысымыздың нәтижесін халық көріп жатыр деп есептеймін», – деді ол.

Айта кетейік, екі аптадан кейін парламент ресми түрде қызметін тоқтатып, қыркүйекте Құрылтай жұмысқа кіріседі. Осы орайда Kursiv.Media Мәжіліс депуттары үш жылда қандай іс тындырғандары туралы зерттеу жүргізген.