Жаңалықтар

Өтемұратов сатып алған Home Credit Bank акционеріне дивиденд төлемейді

Фото: Дина Карамчакова, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

«ForteBank» АҚ-ның еншілес банкі – «Home Credit Bank» АҚ 2025 жылдың қорытындысы бойынша дивиденд төлемейтін болды.

Банктің жалғыз акционері 2026 жылғы 30 сәуірде өткен отырыста осындай шешім қабылдап, былтырғы аудиттелген қаржы есебін ресми түрде бекіткен.

Осы шешімге байланысты, банктің 2025 жылы тапқан бүкіл таза табысы акционерлерге үлестірілмей, қаржы ұйымын әрі қарай дамытуға жұмсалады.

Өтемұратов банкті қалай сатып алды?

2025 жылдың қыркүйегінде ForteBank Home Credit Bank-тің 26,8% акциясын иеленіп, олар инвестиция ретінде жіктелген.

Кейінірек, 2025 жылдың қараша айының соңында банк өз үлесін 75%-ға дейін арттырып, Home Credit Bank-ті өз бақылауына алды. Қаржы ұйымының 100% акциясын сатып алу мәмілесі 2025 жылдың желтоқсанында аяқталды.

ForteBank Home Credit Bank-ті 273 млрд теңгеге сатып алған. Өз кезегінде ForteBank-тің 91,1% акциясына Forbes Kazakhstan рейтингіндегі алпауыт кәсіпкер Болат Өтемұратов иелік етеді, қалғаны еркін айналымда.

Home Credit Bank Чехияның ең бай әйелі Рената Келлнерова мен оның басқарушы серіктесі Иржи Шмейцке тиесілі болған. Келлнерова – PPF тобының бұрынғы иесі, 2021 жылы әуе апатынан қаза тапқан Петр Келлнердің жесірі. Forbes мәліметінше, оның байлығы 19 млрд долларды құрап, әлемдік рейтингте 104-орында тұр.

Болат Өтемұратов – Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкерлер рейтингінде көш бастап тұрған миллиардер. 3,7 млрд доллар дәулетімен елдегі ең бай он кәсіпкердің қатарына кіріп, 6-орынға жайғасқан. Оның бизнес активтері қаржы, телекоммуникация, девелопмент және қонақүй салаларын қамтиды. Кәсіпкердің қызметінде білім беру және қайырымдылық жобалары, сондай-ақ теннисті дамыту ерекше орын алады.