
Қазақстандағы жүк тасымалдайтын KZT Air Cargо әуе компаниясы атауын Alatau Air Cargo деп өзгертті. Сонымен қатар компания директорлар кеңесінің құрамына Air Astana әуе компаниясының бұрынғы басшысы Питер Фостер енген. Ол әуе жүк компаниясының тәуелсіз директоры болады.
Фостер Air Astanа әуе компаниясын 21 жыл бойы басқарып, биыл наурыз айының соңында қызметінен кеткен.
Акционерлер әуе компаниясының директорлар кеңесін толық жаңарту туралы шешім қабылдаған. Енді бұл кеңесті бизнесмен Тимур Турловтың өзі басқарады. Онымен бірге басқарма құрамына Питер Фостер, Сергей Анашкин, Ерлан Қойшыбаев, Сергей Швалов және Айбек Қапар енген.
10 маусымда компания ресми түрде қайта тіркеуден өтіп, бұрынғы KTZ Air Cargo атауын Alatau Air Cargo деп өзгертті. Сонымен қатар, кәсіпорын өзінің заңды мекенжайын Астанадан Қарағанды облысына ауыстырды.
Аталмыш әуе компаниясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2025 жылдың қазан айында «Қазақстан темір жолының» еншілес кәсіпорны («KTZ Express») ретінде құрылған.
Наурызда компания қосымша акциялар шығарып, оны Тимур Турловтың «Turlov Private Holding» құрылымы сатып алды. Нәтижесінде Турлов компанияның 50,98% үлесіне иелік етіп, негізгі акционерге айналды, ал мемлекеттік «KTZ Express» үлесі 49,02% болып қалды.