Жаңалықтар

Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған бизнес орталық кезекті рет өтпей қалды

Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған бизнес орталық тағы да сатылмады
Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған бизнес орталық тағы да сатылмады/ фото: E-qazyna

Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған Алматыдағы Kaisar Plaza бизнес-орталығы электронды сауда порталында тағы да сатылмады. Нысанның бастапқы бағасы 7 миллиард теңгеге төмендеген еді.

Аталған нысан бірінші рет сатуға шығарылып отырған жоқ. Ғимараттың құны 61 547 298 223 теңгеден 54 445 686 890 теңгеге дейін арзандады. Кепілдік жарна көлемі 8 166 853 034 теңгені құрайлы.

Сауда-саттық 17 маусымда сағат 10:00-де басталғанымен аукционға тіркелген қатысушылар болмаған.

Жалпы аумағы 63,9 мың шаршы метрді құрайтын бизнес-орталық Алмалы ауданындағы Желтоқсан және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан. Ғимарат 9 қабаттан тұрады, қазіргі уақытта орталықтағы кеңселерді 53 кәсіпкер жалға алып отыр.

Әлеуетті сатып алушыларға құжаттардағы сәйкессіздіктер туралы алдын ала ескертілген еді. Бір құжатта нысанның ауданы 63 920 м² деп көрсетілсе, техникалық паспорттың дубликатында 56 480 м² деп берілген.

Айта кетейік, 2025 жылдың ақпан айында Kaisar Plaza қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияға берілген еді.

Бұған дейін Алматыда орналасқан «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығы осымен бесінші мәрте электронды аукционда өтпей қалған.