Жаңалықтар

Қаңырап бос тұр: депутаттар үкіметтен сауда орталықтарын құтқаруды сұрады

Депутат сауда орталықтарының жайына алаңдап отыр / Коллаж: .kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері қазір үлкен дағдарыс алдында тұр. Дүкен аралап, сауда жасаушылардың қатары сиреп, ғимараттар бос қалған. Осы мәселені көтерген Мәжіліс депутаттары сауда нысандарын жабылып қалудан сақтап, оларды заман талабына сай қайта бейімдеу үшін Үкіметтен көмек сұрап, депутаттық сауал жолдады. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке жолданған сауалды депутат Азат Перуашев оқыды.

Сауда-сатттық азайып барады

Бұл мәселе Шымкент, Қарағанды, Семей, Орал және Астана сияқты ірі қалалардағы кәсіпкерлермен кездесуден кейін туындаған.

Сауда орталықтарының иелері мен ондағы орынды жалға алушылар келушілер ағыны күрт азайғанын, соның салдарынан табыс төмендеп кеткенін айтып шағымданған.

Кәсіпкерлердің пікірінше, бұған сауда үйлерін жалға беру қызметінің арнайы салық режимін қолданатын ОКЭД (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) тізімінен шығарылып тасталуы да әсер еткен.

Дегенмен депутаттар мәселенің тамыры тек салықта емес, әлдеқайда тереңде жатқанын алға тартады. Сауда алаңдарының қаңырап бос қалуы – бүкіл әлемде жүріп жатқан үрдіс.

Бұған ең бірінші кезекте онлайн-сауда мен маркетплейстер, қашықтан тапсырыс беру мен жеткізу технологияларының жедел дамуы тікелей әсер етіп отыр.

Оған қоса, халықтың қалтасының жұқаруы да жағдайды қиындата түскен. Кезінде шағын және орта бизнестің негізгі қозғаушы күші болған сауда орталықтары қазір тартымдылығын жоғалтып, инвестициялық құндылығынан айырыла бастады.

Бұл нысандардың артында миллиардтаған теңге инвестиция, мыңдаған жұмыс орны, бюджетке түсетін салық және отандық өндірушілер мен тауар жеткізушілердің мүддесі тұр.

Депутаттардың ұсынысы қандай?

Сондықтан «Ақ жол» фракциясы бизнестің мүлдем құруын күтпей, Сауда министрлігіне кәсіпкерлермен бірге арнайы бағдарлама әзірлеуді ұсынды.

Депутаттардың пайымдауынша, сауда орталықтарын сақтап қалудың жалғыз жолы – оларды тек зат сатып алатын жер емес, көпфункционалды қоғамдық кеңістікке айналдыру.

Яғни, босаған орындарды балалар орталығы, спорттық аймақтар, аттракциондар, фитнес және сауықтыру орталықтары, білім беру мекемелері, компьютерлік клубтар мен фудкорттар сияқты халық көп жиналатын ойын-сауық нысандарына айналдыру қажет.

Алайда мұндай ауқымды реконструкция жасау кәсіпкерлер үшін көп уақыт пен қомақты қаржыны талап етеді.

Осыған байланысты депутаттар мемлекет тарапынан нақты қолдау шаралары қажет деп пайымдайды.

Біріншіден, ғимараттарды қайта жабдықтау мен жөндеу жұмыстарына арзан несие беру қажет.

Екіншіден, қайта құру жұмыстары жүріп жатқан кезеңде нысандарға салық демалысын жариялау маңызды.

Үшіншіден, «Сауда жылжымайтын мүлкін жалға беру және басқару» қызмет түріне қайтадан арнайы салық режимін қолдануға рұқсат беру керек.

Депутаттар мұндай уақытылы жасалған қадамдар шағын және орта бизнестегі мыңдаған жұмыс орнын сақтап, сауда инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Дегенмен Қазақстанда зауыттардан гөрі сауда орталықтары көп салынады. Сауда-ойын-сауық орталықтарының саны бір жылда шамамен 1,5 есе артса, нақты инвестициялық құны 75,6%-ға өскен.