Жаңалықтар

Қазақстанда 3,4 трлн теңгенің мемлекеттік активі жеке қолға өтеді

Қазақстанда 3,4 трлн теңгенің мемлекеттік активі жеке қолға өтеді/ фото: Ақорда

Қазақстанда 2026-2030 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары аясында бәсекелестік ортаға берілетін мемлекеттік активтердің жиынтық кірісі 3,4 триллион теңгені құрады. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров Президентке берген есебінде айтты.

Омаров мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау нәтижелеріне айрықша назар аударылғанын атап өтті. Қабылданған шаралар бір көзден сатып алу үлесін 39 пайыздан 24 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берген. Соның арқасында жалпы бюджет аясындағы бәсекелі сатып алу үлесі 6,2 – 8,1 триллион теңгеге дейін ұлғайған.

Сонымен қатар Президентке бизнес субъектілерінің тауар нарықтарына кіруіне тосқауыл қоятын кедергілерді жою жұмыстары, маңызды нарықтардағы өнімсіз делдалдардан арылу бойынша қабылданған шаралар, сондай-ақ цифрлық экономиканы реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу жөніндегі бастамалар туралы баяндалды.

Марат Омаров бәсекелестікті қорғау және дамыту саласындағы заңнамалық түзетулердің алтыншы пакеті бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа тоқталды. Заң жобасында бәсекелестік саясаттың тиімділігін арттыруға, монополияланған нарықтардағы бақылауды күшейтуге, монополияға қарсы реттеуді жетілдіруге және экономиканың мемлекеттік сектордағы үлесін одан әрі қысқартуға бағытталған жеті жүйелі бағыт көзделген.

Бұған дейін, президент қабылдауында болған ішкі істер министрі Ержан Сәденов елде құқық бұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі артқанын айтқан.