
Тамыз айында өтетін Құрылтай сайлауына бюджеттен қанша қаржы бөлінетіні әзірге белгісіз. Қаржы министрі Мәди Такиев Орталық сайлау комиссиясының есебін күтіп отырғандарын айтады.
«Әзірге Орталық сайлау комиссиясы ақпарат жолдаған жоқ, біз күтіп отырмыз. Алдағы аптада нақты есебін жіберетін болар. Қазір есебін айта алмаймын», – деді ол.
Такиевтің айтуынша, сайлауға қаржы Үкімет резервінен алынуы мүмкін. Резервте осындай мақсаттарға жұмсайтын қаржы қарастырылған.
Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) хатшысы Шавхат Өтемісов биыл жаздағы сайлау референдумнан қымбатқа түсетінін мәлімдеген.
Дегенмен 2026 жылғы республикалық бюджет жоспарына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясының жұмысына 12,6 млрд теңге, ал сайлау өткізуге 11,2 млрд теңге қарастырылған. Одан бөлек сайлау өткізуді ұйымдастыруға 1,4 млрд теңге жұмсалмақ.
Парламент Құрылтай болып өзгереді
Жаңа Конституцияға сәйкес, 1 шілдеден қазіргі Парламент «Құрылтай» болып өзгереді Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган болмақ. Құрылтай депутаттарын сайлау тамызда өтеді.
Заң шығарушы орган аартиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады. Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл.