
Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркін мекендейтін Түркістан сілеусіні аздап болса да көбейді. Қызыл кітапқа енген жануар көзге жиі түсетін болды.
Табиғи мекеме қызметкерлері сәрсенбі, 17 маусымда Жоңғар Алатауы ұлттық паркін мекендеген бірнеше сілеусіннің видеосын жариялады. Жыртқыш аңдар парк аумағына орнатылған фото-видеотұзаққа түсіп қалған.
Мекеменің мәліметінше, қазір парк аумағын 70-80 бас түркістан сілеусіні мекендейтіні анықталып отыр. 2023 жылы қорғаудағы табиғи аймақта 71 сілеусін бары айтылған. Соған қарағанда, олардың саны сәл де болса көбейген.

Ұлттық парк орман белдеулерінде мекендейтін сілеусінін бақылау мақсатында 2020 жылдан бері фототұзақтар орнатып жүр. Мониторингтің заманауи әдісі олардың санын анықтауға көмектеседі. Бұған дейін қанша жыртқыш аң барын мамандар іздеріне қарап бағамдайтын.
Kursiv.Media бұған дейін Қатонқарағай ұлттық паркінде қоңыр аю, тауешкі, құны және қасқыр фототұзаққа түсіп қалғаны туралы жазған.