Жаңалықтар

Аборт үшін ақы төлеуге мәжбүрлеген: 22 млн теңгелік заңбұзушылық анықталды

больница Астана
Аборт үшін ақы төлеуге мәжбүрлеген: 22 млн теңгелік заңбұзушылық анықталды / фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қарағанды облысында МӘМС аясында тегін көрсетілуі тиіс жүктілікті жасанды тоқтату қызметтері үшін ақы алудың жүздеген заңсыз жағдайы анықталды, деп хабарлады өңірлік прокуратура.

Қарағанды облысының прокуратурасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) саласындағы заңнаманың сақталуына тексеру жүргізді.

Тексеру барысында әйелдерден жүктілікті жасанды тоқтату қызметтері үшін негізсіз ақша алу фактілері анықталды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, бұл қызметтер МӘМС жүйесіне кіреді және сақтандырылған пациенттерге тегін көрсетілуі тиіс.

Алайда, қадағалау органдары анықтағандай, әйелдер тегін алу құқығына қарамастан, медициналық қызметтер үшін өз қаражатынан төлеуге мәжбүр болған.

Прокуратураның мәліметінше, соңғы үш жылда медициналық қызметтерге қос төлем жасаудың 775 жағдайы анықталып, оның жалпы сомасы 22 млн теңгені құраған.

Әлихан Бөкейхан ауданы прокуратурасының ұсынымы бойынша 218 әйелге жалпы сомасы 7 млн теңге қайтарылды. Ақшаны қайтару жұмыстары жалғасуда.

Прокуратурада пациенттердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша шаралар қадағалау органының бақылауында екені атап өтілді.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда абортты азайту үшін емханада тегін контрацептив тарататын болған.