
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғысты тоқтату туралы келісімге қол қойғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, 6 миллион баррель мұнай тиелген Сауд Арабиясының туы астындағы үш супертанкер Ормуз бұғазынан өтті, деп хабарлайды Reuters.
Жүк жөнелтушілер бұғаз арқылы тасымалдау көлемін соғысқа дейінгі деңгейге қайтару үшін әлі де уақыт қажет екенін, сондай-ақ, қауіпсіз жолды қамтамасыз етіп, аумақты минадан тазарту керек екенін алға тартуда.
Brent маркалы эталондық мұнайдың фьючерстік бағасы тағы 2 пайызға төмендеп, барреліне 78 доллардан төмен деңгейге жетті, бұл соғыс басталғаннан бергі ең төменгі көрсеткіш.
АҚШ пен Иран арасындағы меморандум Трамптың Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен бірлесіп ақпан айында бастаған соғысын түпкілікті реттеу үшін 60 күндік келіссөз кезеңін іске қосады.
Меморандум Ливандағы соғысты тоқтатуға тікелей шақырады. Алайда ондағы әскери қимылдар әлі де жалғасуда және миллионнан астам адам израильдік әуе соққыларының салдарынан өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.
Еске сала кетейік, сәрсенбі күні Дональд Трамп пен Иран президенті Масуд Пезешкиан соғысты тоқтату туралы «өзара түсіністік меморандумына» қол қойды. Құжат Ормуз бұғазын дереу ашуды және американдықтардың ирандық порттарға салған блокадасын алып тастауды көздейді.
Айта кетейік, Иран Ормұз бұғазындағы порттан Қазақстанға арнайы жер телімін беруге әзір екенін жазған едік.