
Атырау облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты. Осылайша Исатай ауданына қарасты Томан ауылы «Ішімдіксіз ауыл» бастамасына қосылған 57-елдімекен атанды. Бұл туралы Атырау облысы полициясы хабарлады.
Ауыл тұрғындары алкоголь өнімдерінен бас тарту туралы ортақ шешім қабылдаған.
«2026 жылдың 15-19 маусымы аралығында ұйымдастырылған акция барысында ауыл тұрғындары арасында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және алкоголь өнімдерінің зияны туралы кешенді түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – делінген ақпаратта.
Тағы бір қызық дерек – Томан ауылында кейінгі бес жылда бір де бір қылмыс тіркелмеген.
Ауыл халқының басым бөлігі теміржол саласында еңбек етеді. Сонымен қатар елдімекенде мектеп, балабақша және мәдениет үйі жұмыс істеп тұр.
Бұған дейін Атырау облысында 50-ден астам ауыл ішімдіктен бас тартқаны хабарланды.