Жаңалықтар

«Байсат» арзан бағаға да сатылмады: базар енді Алматы меншігіне өтуі мүмкін

Алматы қаласындағы "Байсат" базары
Инвесторлар қызықпайтын «Байсат» базары / фото: kuva.kz

Алматыдағы ірі сауда орталықтарының бірі – «Байсат» базары өте арзан бағаға ұсынылғанымен, осымен алтыншы рет аукционда сатылмай қалды. Қайрат Сатыбалдыдан қайтарылған актив енді Дархан Сатыбалды басқаратын қала меншігіне өтуі мүмкін.

Нәтижесіз аукцион

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) өтпей тұрған базарды тағы бір мәрте электронды аукционда сатуға талпынды. Алайда Sauda порталында жарияланған лот 18 маусымда ешкімнің қызығушылығын туғызбады. Сауда-саттық «аукцион басталған кезде сату объектісі бойынша аукцион залына тіркелген қатысушы болмауына» байланысты өтпеді деп танылды.

KUVA базар үлесін кем дегенде 26,7 млрд теңгеге өткізуге тырысқан. Баға нысанның өз құнынан 2,1 млрд теңгеге аз. Айта кетейік, бағалаушылар 2025 жылғы тамыздың аяғында «Байсатты» 28,6 млрд теңгеге бағалаған.

"Байсат" базары аукционда алтыншы мәрте өтпей қалды
Sauda порталындағы аукцион залынан скриншот

Сатыбалдыдан Сатыбалдыға

Істі болған кәсіпкер Қайрат Сатыбалдыдан мемлекетке қайтарылған базар енді Дархан Сатыбалды басқаратын Алматы қаласы әкімдігінің меншігіне өтуі мүмкін. Бір апта бұрын осындай мәлімет тараған.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбековтің айтуынша, сауда орталығын қала әкімдігінің меншігіне беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Шенеунік нақты шешім қашан қабылданатынын айтпады.

«Байсат» KUVA иелігіне шамамен екі жыл бұрын өткен. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды оны 2024 жылғы қаңтарда қылмыстық тергеу барысында мемлекетке «ерікті түрде» қайтарған. 1,4 гектар жердегі үш нысаннан тұратын мүлікке Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтан иелік еткен.