
Америкалық ғалымдар ми сигналдарын мәтін мен сөзге айналдыратын нейроинтерфейсті сәтті сынақтан өткізді деп хабарлайды DW.
Дэвистегі Калифорния университетіндегі Николас Кард бастаған зерттеушілер тобы ми сигналдарын шифрлап, оларды мәтін мен сөзге аударуға мүмкіндік беретін жүйе жасады. Тәжірибе үшін ғалымдар бүйірлік амиотрофиялық склерозға шалдыққан 45 жастағы ер адамның миына 256 электрод имплантациялады. Ол ауру адамды біртіндеп қозғалу және сөйлеу қабілетінен айырады.
Отадан кейін науқас тоғыз ай бойы «ми – компьютер» интерфейсін пайдалануды үйренді. Одан кейін жүйені үй жағдайында пайдалана бастаған. Оның көмегімен ер адам туыстарымен, достарымен және медицина мамандарымен өз бетінше тілдесіп, сонымен қатар компьютер курсорын басқарып, интернетке шықты.
Зерттеушілердің мәліметінше, науқас құрылғыны 19 айдан астам уақыт бойы пайдаланған. Жүйе күніне орта есеппен 9,5 сағаттай жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде ер адам 183 мыңнан астам сөйлем құраған, бұл шамамен екі миллион сөзге тең. Қарым-қатынас жылдамдығы минутына 56 сөзге дейін жетті. Науқастың айтуынша, компьютер арқылы құралған сөз тіркестерінің кем дегенде 92%-ы толықтай немесе ішінара дұрыс болған.
Мамандар сөзінше, алдағы уақытта сал ауруының ауыр түрлеріне шалдыққан адамдарға қарым-қатынас жасау мүмкіндігін қайтаруға көмектеседі.
Тағы да оқыңыз: Қазақстандық оқушы ЖИ көмегімен қатерлі ісікті ерте анықтайтын жүйе ойлап тапты