
Әлемдегі ең ірі құрылыс конгломераттарының бірі – China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) Түркістан облысында тау-курортты қалашық тұрғызғысы келеді. Жергілікті билік солардың көмегімен Қасқасуды әйгілі Куршевельге айналдыруды көздеп отыр.
Ірі холдинг Түркістанға кірді
China Construction холдингінің алтыншы бюросы – China Construction Sixth Engineering Bureau Corp. LTD Түркістан облысына халықаралық тау шаңғысы кластерінің бас жоспары мен сәулеттік тұжырымдамасын ұсынды.

Жергілікті билік Қытай инвесторлары ұсынған жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырады деп есептейді.
«Жоба курортты заманауи, жыл бойы қызмет көрсететін халықаралық туристік нысанға айналдыруды көздейді. Дизайн тұжырымдамасында әлемдік тау шаңғы курорттарының үздік тәжірибесі ескерілген», – деп таратты Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы.

Қасқасу және Куршевель
18 маусымда China Construction өкілдері Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен кездесті. Өңір билігі қазірдің өзінде Қасқасуды «жаңа бренд», қазақтың Куршевелі деп таныстырып жатыр. Ол Төле би ауданы аумағында, Леңгер қаласынан шамамен 35 км жерде орналасқан.
«Бірлескен жоба жүзеге асқан жағдайда Қасқасу Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы ең тартымды туристік орталықтардың біріне айналмақ. Сарапшылар Қасқасу жобасын Франциядағы әйгілі Куршевель курортының қазақстандық баламасы ретінде бағалап отыр», – деп таратты облыс әкімдігі.
Мәліметтерге қарағанда, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан тау бөктерінде әлемде теңдесі жоқ экологиялық демалыс аймағы бой көтереді.
«Курорт аумағында мұз пішіндес ерекше қонақүйлер, отбасылық демалыс аймақтары, бизнес-кластерлер, ойын-сауық және спорт нысандары орналастырылады».
Туристерге ыңғайлы болу үшін заманауи аспалы жолдар салынып, тау шыңдары мен негізгі демалыс нүктелерін байланыстыратын инфрақұрылым қалыптасады. Әкімдік мәліметінше, нысан пайдалануға берілген соң мұнда 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Әкімдік мәліметінше, Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд теңгенің 17 инвестициялық жоба іске асырылған.
Бұған дейін Kursiv.Media басылымы Huating қытай компаниясының осы өңірде ірі қара малдың сүйегін өңдеп, одан дәрі-дәрмекке қажетті пептон, авиаотын дайындайтын май, фарфор жасайтын көмір шығаратын зауыт ашып жатқаны туралы жазған.