Жаңалықтар

Шахмұрат Мүтәліп сатып алатын алтын компаниясы тағы бір кенішті иелігінен шығарды

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандағы ірі бизнестің жаңа «жұлдызы» Шахмұрат Мүтәліп сатып алуға ниеті «Алтыналмас» компаниясы тағы бір кен орнын иелігінен шығарды. Ол – осыдан бірнеше жыл бұрын қызметкерлер мінген автобус апатқа ұшырған «Майқайыңалтын» кеніші.

Компанияның ресми ақпаратына сәйкес, «Алтыналмас» аталмыш кен орнын 8,7 млрд тенгеге өз акционері – Gouden Reserves Kazakhstan-ға сатқан. Яғни компания кенішті сыртқа емес, өзінің жоғары тұрған құрылымына аудара салған.

Бұл кенішті «Алтыналмас» дәл бір жыл бұрын 6,06 млрд теңгеге сатып алған.

Сондай-ақ кезінде 33,5 млн долларға сатып алған «Ақтоғай мыс» серіктестігін де иелігінен шығарғаны белгілі. Нәтижесінде «Алтыналмастың» иелігінде 14 компания бар.

Мүтәліп сатып алады

«Алтыналмас» – Қазақстандағы алтын өндірісі бойынша үздік үштік қатарына кіретін алпауыт кәсіпорын.

Оның кен орындары Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Абай облыстарында орналасқан. Компания 1993 жылы құрылған және бүгінде геологиялық барлаудан бастап, дайын Доре қорытпасын шығаруға дейінгі толық циклді қамтиды. 2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, оның негізгі акционерлері – еліміздегі ең бай кәсіпкерлердің бірі Владимир Жұманбаев. 

Қазірг «Алтыналмас» компаниясын Шахмұрат Мүтәліпке сату процесі жүріп жатыр.

Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы биыл «Алтыналмас» АҚ-ның 100% акциясын сатып алу туралы келісімшартқа қол қойған. Десе де мәміле қашан толық жабылатыны белгісіз, кәсіпкердің сөзінше, аталмыш келісім қаржы және заңдық тұрғыдан өте мұқият пысықтауды талап етеді.

Сондықтан, бұл мәміле алдын ала жасалған үлкен келісімнің бір бөлігі болуы мүмкін. Компанияның бұрынғы қожайындары «Майқайыңалтын» кенішін жаңа сатып алушыға бергісі келмеген сыңайлы.