
Астана – Қорғалжын тасжолында түнде жарқырайтын ерекше жол таңбасы пайда болды. Пилоттық жобаны «ҚазАвтоЖол» іске қосты.
Сынақ учаскесі автожолдың 23-шақырымында орналасқан. Бұл бағыт көлік қозғалысының көптігіне, күрделі ауа райына және жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін учаске болғанына байланысты таңдалды. Соңғы үш жылда аталған аумақта алты жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Жаңа технология қалай істейді?
Жол таңбасын жасау үшін люминесцентті бояу қолданылған. Ол күндіз жарық энергиясын жинақтап, қараңғы уақытта жанады. Осылайша жол сызықтары жүргізушілер үшін анық әрі жақсы көрінетін болады.
«Соның арқасында жол таңбалары түнгі уақытта, жарық жеткіліксіз жағдайларда және жүргізушілер үшін қозғалыс бағытын алдын ала көру аса маңызды учаскелерде айқын көрінеді«,– делінген хабарламада.
Не тексеріледі?
Сынақ барысында мамандар жол таңбасының қаншалықты анық көрінетінін, сондай-ақ оның жаңбыр, қар, температураның күрт өзгеруі және көлік қозғалысынан түсетін тұрақты салмаққа қаншалықты төзімді екенін бағалайды.
Сонымен қатар мамандар мұндай сызықтардың жүргізушілердің жол жағдайын бағдарлауына қалай әсер ететінін зерттейді.
Егер тәжірибе сәтті өтсе, жарық шығаратын жол таңбалары елдің басқа да республикалық маңызы бар жолдарына кезең-кезеңімен енгізілуі мүмкін.
Еске салсақ, республикалық маңызы бар жолдарда жол белгілерінің жағдайы бір ай бойы тексеріледі. Мамандар еліміз бойынша шамамен 140 мың жол белгісін қарайды.