Жаңалықтар

1 шілдеден тауарлық газ бағасы үштен бір есе қымбаттауы мүмкін

Фото: shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

1 шілдеден Қазақстанда тауарлық газ бағасы 33%-ға дейін қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.

Тұтқышбаевтың айтуынша, тариф алдағы жылыту маусымына дайындық пен газ инфрақұрылымын жаңартуға байланысты көтеріледі.

Сонымен қатар соңғы айларда Теңіз секілді ірі кен орындарының жұмысы тоқтап, газ өндіру көлемі төмендеген. Дегенмен мемлекет ішкі сұранысты транзит газ есебінен жауып отыр.

Осы ретте елде газ жүргізу мен газ тұтыну көлемі де тұрақты артып келеді. Министрліктің мәліметінше, 2026 жылы Қазақстанда газ тұтыну көлемі тағы 1 млрд текше метрге артады.

2025 жылы 2 мың шақырымнан астам газ құбыры тартылып, 94 елдімекен табиғи газға қосылған. Нәтижесінде 20,5 млн тұрғынның 13,1 млн-ы көгілдір отынды пайдаланып отыр.

Алайда аймақтар арасында теңсіздік әлі де сақталған. Батыс өңірлерде, Жамбыл облысында, Алматы және Шымкент қалаларында 90% газ жүргізілсе, Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында бұл көрсеткіш 60%-дан төмен.

Сол үшін газ тасымалдау жүйесін дамытуға бюджеттен 27,3 млрд теңге бөлінді, бұл қаражат тағы 32 мың адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ресми статистикаға сәйкес биыл табиғи газ өндірісі де азайды. Қаңтар-мамыр аралығында 25,3 млрд текше метр газ өндіріліп, былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3%-ға төмен болған.